Конституция айқындаған болашақ: Арқалық жастары жасанды интеллект мүмкіндіктерін игеруде

Конституция айқындаған болашақ: Арқалық жастары жасанды интеллект мүмкіндіктерін игеруде

Қазақстанның болашақтағы даму бағыты адам капиталын нығайтуға, білім мен ғылымды дамытуға, инновациялар мен заманауи технологияларды енгізуге тікелей байланысты. Бұл басымдықтар Конституцияда көрініс тапқан негізгі құндылықтармен сабақтасып, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағдар береді. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар өңірлерде де нақты бастамалар арқылы жүзеге асырылып келеді. Соның бір мысалы — Арқалық қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «AI HACKATHON: VIBECODING CHALLENGE» технологиялық байқауы.

Хакатонға жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, тың идеяларын нақты жобаларға айналдыруға ұмтылған 13 команда қатысты. Қатысушылар өздерінің технологиялық білімін, креативті ойлау қабілетін және жаңа шешімдер ұсыну дағдыларын көрсетті. Байқаудың жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрады.

Тартысты сайыстың қорытындысы бойынша VTIPOSHNIK командасы бірінші орынды иеленіп, 250 мың теңге жүлдеге ие болды. IDEA X командасы екінші орын үшін 150 мың теңге алса, VORTEX командасы үшінші орынға лайық деп танылып, 100 мың теңгені қанжығасына байлады.

Мұндай бастамалар жастардың білімін тәжірибе жүзінде қолдануына, технологиялық шешімдер әзірлеуіне және өз идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар жас ұрпақтың цифрлық құзыреттерін дамытып, болашақ еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды қалыптастыруға ықпал етеді.

Байқауға қатысушы Бек-Әбіл Жүніс Арқалықта осындай технологиялық іс-шараның ұйымдастырылуын қала жастары үшін маңызды мүмкіндік деп бағалайды.

«Арқалық қаласында осындай ауқымды технологиялық іс-шараның ұйымдастырылуы – үлкен жетістік әрі жарқын болашаққа жасалған маңызды қадам. Жасанды интеллект дәуірінде жастардың тың идеяларын қолдап, олардың шығармашылық және технологиялық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беру – нағыз болашаққа салынған инвестиция. Осындай бастамалар арқылы Арқалықтың талантты жастары үлкен белестерді бағындырып, еліміздің цифрлық дамуына өз үлестерін қосатынына сенім мол», – дейді ол.

Қатысушының пікірінше, мұндай жобалардың жалғасын табуы жастардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына, кәсіби тұрғыдан өсуіне және өңірде IT саласына деген қызығушылықтың артуына ықпал етеді.

Конституцияда білім, ғылым мен инновацияларды дамытуға бағдар беретін қағидаттардың бекітілуі осындай бастамалардың маңызын арттыра түседі. Өйткені елдің бәсекеге қабілеттілігі тек табиғи ресурстармен немесе өндірістік әлеуетпен ғана емес, ең алдымен, білімді, білікті және жаңашыл ойлайтын азаматтарымен айқындалады.

Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгеру — жастардың жеке дамуы үшін де, тұтас елдің экономикалық әлеуетін арттыру үшін де маңызды. Жаңа технологияларды игерген жас мамандар өңір экономикасының түрлі салаларына заманауи шешімдер енгізуге, жаңа жобалар әзірлеуге және инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға үлес қоса алады.

Арқалықтағы хакатон — білім мен технологияны ұштастырып, жастардың әлеуетін ашуға бағытталған осындай мүмкіндіктердің бірі. Мұндай іс-шараларды қолдау арқылы өңірде инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға, талантты жастарды ынталандыруға және болашақ мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасауға болады.

Еліміздің болашағы бүгінгі жастардың біліміне, ізденісіне және жасампаз бастамаларына байланысты. Сондықтан адам капиталын дамытуға, ғылым мен технологияны ілгерілетуге бағытталған әрбір қадам Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына қосылған үлес болып саналады.

Жансая СӘРСЕН