Тәуелсіздік құндылықтары, тарихи мұра және ел болашағы: Қостанай тарихына арналған жаңа еңбек таныстырылды

Тәуелсіздік құндылықтары, тарихи мұра және ел болашағы: Қостанай тарихына арналған жаңа еңбек таныстырылды

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Республика күні мен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Қазақстанның тәуелсіздігі және конституциялық жаңғыру: тарихи тәжірибе, өңірлік даму және келешегі» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Ел тарихын таразылап, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді саралауды және болашақ даму бағдарларын талқылауды мақсат еткен жиынға республикалық және облыстық деңгейдегі спикерлер, ғалымдар, Халық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты.

Басқосу барысында тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы, мемлекеттілікті нығайту, конституциялық құндылықтарды сақтау, құқықтық мәдениетті дамыту және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Қатысушылар ел дамуының маңызды кезеңдеріне тоқталып, өңірдің әлеуметтік-қоғамдық әлеуеті мен келешек мүмкіндіктері жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар азаматтық қоғамды дамыту мен қоғамдық диалогты кеңейтудің маңызына назар аударылды.

Конференция аясында тарих ғылымдарының докторы, университет профессоры Аманжол Күзембайұлы мен тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбілдің «Қостанай облысының қысқаша тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Өңірдің тарихи жолын зерделеуге арналған еңбек туған өлкенің өткені мен тарихи мұрасын кеңінен танытуға бағытталған. Кітаптың жарық көруі Қостанай облысының қалыптасуы мен даму кезеңдерін танып-білуге, тарихи жадыны сақтауға және өлке тарихын келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл басылым жастардың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық тарихи сананың қалыптасуына ықпал ететін маңызды ғылыми еңбек ретінде таныстырылды.

Ғылыми жиынның жалғасы «Кәсіби мамандардың жастармен диалогы: құқық, кәсіпкерлік және ұлттық сөз» тақырыбындағы жастар секцияларына ұласты. Талқылау алаңдарында жастар мен кәсіби мамандар тәжірибе алмасып, қоғам үшін өзекті мәселелерді ортаға салды.

Секциялар жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыруға, кәсіпкерлік бағыттағы көзқарасын кеңейтуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және азаматтық белсенділігін дамытуға арналды.

Тарихи тағылым мен заманауи қоғамдық мәселелерді тоғыстырған конференция тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеу, өңірдің тарихи мұрасын насихаттау және жастардың ел болашағына деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы маңызды пікір алмасу алаңына айналды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суретті түсірген Василий Васильев