Арқалыққа Қытай Халық Республикасының  елішісі келді

Арқалыққа Қытай Халық Республикасының  елішісі келді

Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі – Хань Чуньлин мырза бастаған меймандарды облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың өзі бас болып қарсы алды.

Мәртебелі қонақтар ең алдымен қаладағы қазақтың атақты композиторы Бақытжан Байқадамов атындағы балалар музыка мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Одан кейін қалалық мәдениет сарайында қазақ-қытай халықтарының ортақ тарихын, өнер арқылы өрілген достықты және адамгершілік құндылықтарды суреттейтін «Композитор» көркем фильмін қала жұршылығымен бірге тамашалады.

Фильм көрсетілімінің алдында облыс әкімі мен елшіге сөз берілді.

blank

«Талантты адамдар өз халқының ғана емес күллі адамзаттың ортақ тұлғасы. Әр дәуірде туған таланттардың шығармашылығы уақыт өткен сайын ұлттық мұраға, әлемдік құндылыққа айналады», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Тарихи тұлғалардың артына өшпес мұра қалдырғанын елші Хань Чуньлин мырза да ерекше атап өтті.

blank

«Тағдыр тоғыстырған таланттардың өнері мен достығы ешуақытта маңызын жоймақ емес. Қастерлі қос композитордың отандары Қазақстан мен Қытай бүгінде ұлы достықтың берік негізін қалады», – деді елші.

Фильм Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Алматы қаласында болған Қытай Халық Республикасының ұлы композиторы Сянь Синьхайдың өмір жолын баяндайды. Сол қиын кезеңде қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен танысқан Сянь Синьхай оның қолдауы мен қамқорлығын сезінеді. Екі композитордың арасындағы шынайы достық пен рухани байланыс фильмнің негізгі өзегіне айналған.

blank

«Композитор» көркем фильмі 2019 жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен жобасы ретінде түсірілген. Фильмнің режиссерлері — Шерзат Яхуп пен Сабит Құрманбеков. Тарихи драма және биографиялық жанрда түсірілген туындының ұзақтығы шамамен 1 сағат 42 минутты құрайды. Фильм «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Қытайдың Shinework Pictures компаниясының бірлесуімен дүниеге келген.

blank blank blank Ұлы достықты мұрат еткен қос композитордың өмір жолдарын нақыштайтын көрмелер де қанатын кеңге жайды.

blank

Елшінің сапары аясында Қазақстан мен Қытай халықтарының достығына, қос композитордың рухани үндестігіне арналған «Музыкамен ұласқан достық» атты концерттік бағдарлама да назарға ұсынылмақ. Іс — шара барысында қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың әндері, қытай композиторы Сянь Синхайдың «Сары өзен» әні және ұлттық аспаптарымыздың сүйемелдеуімен басқа да туындылар орындалатын болады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                             Арқалық қаласы