Межеге жету – маңызды міндет: тоғыз айдағы даму көрсеткіштері жария етілді

Межеге жету – маңызды міндет: тоғыз айдағы даму көрсеткіштері жария етілді

Өңір экономикасының тірегі саналатын әр сала серпінді дамыды. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі өрістеп, инвестициялық белсенділік артқан. Енді жылды 6 пайыз көрсеткішпен қорытындылау негізгі мақсатқа айналып отыр. Бұл тоғыз айды түйіндеп, алдағы межені айқындауға арналған жиында айтылды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң үрдіс қалыптасып отыр. Барлық тірек салада өсім тіркелді. Бұл тұрақты динамиканы, өндірістік әлеуеттің жоғары екенін көрсетеді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің жалпы құрылымында машина жасаудың үлесі шамамен 50 пайызға тең. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілиясхан Әмірбеков мәлімет берді.

            «Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 6,3 пайыз артты. Мұндай нәтижеге жеңіл автомобильдер, жаткалар және комбайндар өндірісінің еселеп өсуі ықпал етті. Азық-түлік өндірісі де өнеркәсіптің дамуына елеулі салмақ қосып отыр. Бұл бағыттың үлесі 22,7 пайызға жетті. Ұн өндірісі 19, кондитерлік өнімдер өндірісі 6,8% өсті. Металлургия саласының үлесі – 21,4%. Жалпы, тоғыз айда облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 2,4 трлн теңгенің өнімін өндірді», – дейді ол.

blankАстық аймағы үшін ауыл шаруашылығы – экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының бірі. Бұл бағыттағы өнімдердің жалпы шығарылымы 594,3 млрд теңгеге жеткен. Бұл нәтиже аталған саланың өңір экономикасындағы рөлін айқындап, өндірістік әлеуетті одан әрі арттыруға себеп. Инвестициялық белсенділік те өте маңызды бағыт. Қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 480,4 млрд теңге. Былтырғыдан 0,8 пайыз жоғары. Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – инвестициялардың басым бөлігінің жеке капитал есебінен тартылуы. Бұл кәсіпкерлік нысандарының өндірісті дамытуға, жаңа жобаларды іске асыруға және қолданыстағы қуаттарды кеңейтуге мүдделі екенін аңғартады.blank

            «Инвестициялардың салалық құрылымында өнеркәсіп жетекші орында. Шамамен 45% осы салаға бағытталған. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруда баламалы энергетика саласындағы мүмкіндіктер мен дамыған көлік-логистикалық жүйе де маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттарды одан әрі дамыту жаңа инвестицияларды тартуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады», – дейді Ілиясхан Әмірбеков.

Құрылыс секторының да экономикаға мультипликативтік әсері бар. Ол құрылыс материалдарына, металлургия және машина жасау өнімдеріне, көлік қызметтеріне сұранысты арттырып, негізгі капиталға құйылатын инвестицияның өсуіне ықпал етеді. Тоғыз айдағы әр тарапты құрылыс көлемі 292,5 млрд теңгеге жеткен.

            «Тұрғын үй құрылысы да тұрақты даму үстінде. Кейінгі үш жылда жыл сайын шамамен 500 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліп келеді. Жыл басынан бері 394,5 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Осы кезеңде 4 622 пәтер қабылданды. Жыл соңына дейін 520 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр», – дейді басқарма басшысы.

blankЖалпы, тоғыз ай қорытындысы өңірді дамытуда оң динамика бар екенін көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы мен машина жасау өндірісінің өсуі, құрылыс көлемінің артуы, инвестициялық белсенділік және сауда саласындағы оң өзгерістер өңір экономикасын еңселендіре түскен. Алдағы маңызды міндет – өндірісті әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыру, жеке инвестицияларды көбейту және жаңа экономикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Ал жыл соңына дейінгі басты мақсат – өңірлік өнімнің өсу қарқынын 6 пайызға жеткізу.

            «Президент тапсырмасын екі жыл бойы асыра орындап келеміз. 2024 және 2025 жылдары 8%-тен артық өсімді қамтамасыз еттік. Биылғы міндетіміз – ең кемінде 6% көрсеткішке жету. Жыл басынан бері барлық базалық салада оң нәтижеге қол жеткіздік. Экономиканың негізгі қозғаушы күші – өңдеу өнеркәсібі. Оның облыс өнеркәсібінің жалпы құрылымындағы үлесі – 73%. Біздің алдымызда экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

blankӨңір басшысы жария еткендей, жалпы облыстық көрсеткіш оң болғанымен, 8 ауданда белгіленген межеге қол жеткізілмеген. Бұл қолданыстағы кәсіпорындардың қызметін сүйемелдеу және олардың өндірістік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін көрсетеді. Осыларды ескере келе, облыс әкімі қадамды қарқындата түсуді міндеттеп отыр.blank

            «Барлық көрсеткішке қол жеткізу үшін үйлесімді жұмыс, әрбір басқарма басшысының, қала мен аудан әкімдерінің бар күшін жұмсауы және жеке жауапкершілігі қажет. Экономиканың барлық саласында қосымша өсім көздерін іздеуі керек. Әкім орынбасарлары өз бағыттары бойынша әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларының орындалуына бақылауды күшейтсін», – деді Құмар Іргебайұлы.

Ол облыстық басқарма басшылары аудан-қала әкімдерімен бірлесіп, жыл соңына дейін көзделген меженің толық орындалуын қамдауды тапсырды. Экономика өсімін 6% көрсеткішпен түйіндеу – маңызды мақсат. Сондықтан, өңір басшысы ескерткендей, ол жолдағы олқылықтарды жою үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ