Республика күніне орай және «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында мектептегі өзін-өзі басқарудың жас көшбасшыларының облыстық форумы ұйымдастырылды.
Қостанай ауданының № 1 Заречный жалпы білім беретін мектебінде өткен форумға шамамен 110 адам жиналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін дамыту, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру және мектеп пен қоғам өміріне үлес қосуға дайын жауапты көшбасшыларды тәрбиелеу.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ермек Күзенбаев заңды құрметтейтін, жауапкершілік пен әділдік құндылықтарын ұстанатын жастарды тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.
«Нағыз көшбасшы тек идея ұсынып қана қоймай, өзгелерге үлгі болады, жауапкершілікті өз мойнына алып, әділ шешім қабылдай біледі. Сіздердің бастамаларыңыз мектеп пен студенттік өмірді жақсартуға, өзара құрмет пен заңға деген құрметті нығайтуға ықпал етеді», – деді Ермек Күзенбаев.
Облыста оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінде 393 мектеп парламенті 43 мыңға жуық оқушыны, ал 33 студенттік парламент 5 мыңға жуық жасты біріктіреді. Өзін-өзі басқару қызметіне 47 мыңнан астам оқушы мен студент қатысып, өз бастамаларын жүзеге асыруға және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алып отыр.
Форумның құрметті қонақтары қатарында прокуратура, Полиция департаменті, Қостанай ауданының әкімдігі мен жастар ұйымдарының өкілдері болды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын медиа саласының қонақтары – блогер Артём Лисогор мен шоумен, жүргізуші әрі режиссер Жалғасбек Шөкеновпен өткен кездесулер тудырды. Олар аудиториямен қарым-қатынас жасау, жарқын жобалар ұйымдастыру және адамдарды ортақ идея төңірегіне біріктіру тәжірибесімен бөлісті.
Форум бағдарламасына шығармашылық қойылымдар, шақырылған сарапшылармен кездесу, тәжірибе алмасу және пікірталастар, интерактивті сессиялар мен викториналардан тұратын білім беру алаңдары енгізілді. Жас көшбасшылар мектеп өміріндегі өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынып, алдағы жұмыстың бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.
Форум ашық пікір алмасуға, жаңа таныстықтар мен пайдалы бастамаларға жол ашқан маңызды алаңға айналды. Ол заңды құрметтеу, өз ісіне жауапкершілікпен қарау және белсенді әрекет ету әрқайсымыздан басталатынын тағы бір мәрте көрсетті.

«Заң мен тәртіп» – бұл тек ортақ қағидаттар ғана емес, әр адамның күнделікті таңдауы. Жастардың бастамаларын қолдап, мектептегі өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы біз әділетті, жауапты және құқықтық қоғам құруға қабілетті ұрпақты бірге қалыптастырамыз.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
