Ұзынкөл ауданында тұратын Гүлнар Жалкенова мемлекеттік гранттың көмегімен «Қыз жасау» атты шағын ателье ашты. Қолында мүгедектігі бар бала асырап отырған ана қыз жасауына арналған көрпе-көрпеше тігумен айналысады.
Оның айтуынша, жаңа кәсіп бір жағынан табыс табуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан отбасына көңіл бөле отырып, өз ісін дамытуға жол ашқан.

Гүлнар Жалкенова – Торғай ауылының, Жангелдин ауданының тумасы. Тұрмысқа шыққаннан кейін Арқалық қаласында тұрды. Сауда саласында тәжірибе жинап, сатушы болып жұмыс істеген, кейін жеке дүкенін де ашқан. Алайда өмірлік жағдайлар оның кәсіби жолына өзгеріс енгізді. Жолдасынан айырылғаннан кейін Гүлнар балаларымен бірге Ұзынкөлге көшіп келген. Кішкентай ұлының денсаулығына байланысты оған тұрақты күтім қажет болғандықтан, әйел үйден ұзап жұмыс істей алмады. Осылайша, өзіне қолайлы кәсіп түрін іздей бастады.
«Бұрыннан сауда саласында жұмыс істеп келемін. Алғашында сатушы болдым, кейін өз дүкенімді де аштым. Бірақ балама күтім жасауым қажет болғандықтан, жұмысқа шыға алмадым. Үйде отырып та табыс табудың жолын іздедім», – деді Гүлнар.

Кәсіпкердің айтуынша, ол біреуге қол жайып, көмек күтуден гөрі, өз мүмкіндігін пайдаланып, еңбегімен ақша табуды жөн көрген. Интернеттен түрлі кәсіп түрлерін зерттеп, тігіншілік бағытына тоқталған.
«Менің басты мақсатым – үйде отырып жұмыс істеу және өз еңбегіммен табыс табу болды. Әр адам өз күнін өзі көріп, өз еңбегімен өмір сүруі керек деп ойлаймын. Сондықтан әрдайым өз күшіме сенемін», – деді ол.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
