Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай өткізілген облыстық әдеби байқаудың қорытындысы шығарылды.
Проза және поэзия жанрларындағы өңірлік байқауды АМАNАТ партиясының Қостанай облыстық филиалы мен Қазақстан Жазушылар одағының Қостанайдағы қосыны бірлесіп ұйымдастырды. Әдеби сайысқа Тобыл-Торғай өңірінің 18-45 жас аралығындағы ақын-жазушылары қатысты. Маусым-тамыз аралығында келіп түскен материалдарды арнаулы комиссия сарапқа салып, үздіктерін анықтаған. 
Марапаттау рәсіміне партияның облыстық филиалының басшылығы, зиялы қауым өкілдері, қазылар алқасының мүшелері қатысып, құттықтау лебіздерін айтты.
«Бұл байқау еліміздің рухани байлығын арттырып, жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдау мақсатымен партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында ұйымдастырылды. Байқауға облысымыздың түкпір-түкіпірінен талантты жастар сиясы кеппеген шығармаларын ұсынды. Осы арқылы тарихи тұлғаның ардақы есімін, асыл мұрасын насихаттауға тағы бір қадам жасалды дей аламыз. Бұл ұлт руханиятына қызмет етіп жүрген тағылымды іс-шара болды. Жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын», – деді АМАNАТ партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасы Алмат Досмұхаметов.
Сондай-ақ «Еуразиялық банк» ҚОФ директоры, облыстық мәслихат депутаты, партияның ОФ саяси кеңесі мүшесі Қырмызы Жаңбыршина, облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы Кенжеш Оразғалиқызы, ақын, қазылар алқасының мүшесі Абылай Мауданов сөз алып, байқаудың мән-маңызы туралы ой-пікірін ортаға салды. Елге танылып қалған қаламгерлерден бөлек, жаңа есімдердің, жап-жақсы дарындардың бәйгеге қосылғанын жағымды жаңалыққа балады олар.




Сонымен, байқаудың поэзия аталымында 1-орынды Жандос Жүсіпбек иеленді. 2-орын Батырлан Сағынтаевқа бұйырды. Ал проза жанрында шығармасы үздік деп танылған Айнұр Нұрбекова жеңімпаз атанды. Олар дипломмен, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Байқау жүлдегерлеріне Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өтетін «Ұлы дала» республикалық әдеби байқауына жолдама берілді.



Байқауға қаржылай қолдау көрсетуге «AMANAT» партиясы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Данияр Мирасов демеушілік жасады.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді ұсынған – АМАNАТ ҚОФ бспасөз қызметі
