«Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты Конституциялық сот төрелігі жөніндегі форумға Еуропа, Азия және Африка құрлықтарынан 15 елдің конституциялық бақылау органдарының өкілдері, құқық қорғаушылар мен заңгер-ғалымдар, халықаралық ұйымдар мен Қазақстанның мемлекеттік органдарының басшылары қатысты. Шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова форумның пленарлық отырысын ашып, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында құқықтың рөлін арттырудың маңыздылығына тоқталды:
«Конституция – жай ғана заң емес, ол теңдік пен әділдіктің, адам құқықтарының кепілі. Ол қоғамның билікке сенімін арттырып, диалогты күшейтеді. Конституциялық экономика меншік құқығын қорғайды, инвестиция мен инновацияға жол ашады», – деді Азимова.

Форумның ашылу сессиясында Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссияның (Венециандық комиссия) Президенті Клер Бази-Малори Қазақстанды Конституцияның 30 жылдығымен құттықтап, еліміздің құқықтық жүйесінің дамуына оң баға берді. Ол Венециандық комиссия мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің нығая түсетініне сенім білдірді.
Біріккен Араб Әмірліктері, Зимбабве, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Тәжікстан, Германия және Қырғызстаннан келген делегаттар өз елдерінің конституциялық сот жүйесі мен құқықтық реформалары туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Моңғолия Конституциялық Сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа:
«Заң – бейбітшіліктің, тұрақты дамудың және адамдардың әділетті өмір сүруінің негізі», – деп атап өтті.

Зимбабве Жоғарғы Сотының төрағасы Люк Малаба конституциялық бақылаудың мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі шешуші рөлін атап өтті. Ал БАӘ өкілі сот процестерін цифрландыру тәжірибесін ұсынып, бұл қоғамның билікке сенімін арттыруда маңызды құрал екенін жеткізді.
Қазақстан Конституциялық Сотының жұмыс тәжірибесі де форумда кеңінен таныстырылды. 2023 жылғы қаңтардан бастап 2025 жылғы тамызға дейінгі аралықта Конституциялық Сотқа азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Соның нәтижесінде 400-ден астам қаулы қабылданып, 74 нормативтік құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігі арнайы тексерілген.

Форум аясында үш тақырыптық сессия ұйымдастырылып, конституциялық әділеттің даму жолдары, адам құқықтарын қорғау және демократиялық институттарды нығайту мәселелері қаралды. Сонымен қатар, шетелдік сарапшылар ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында және ІІМ Басқару академиясында қонақ дәрістерін өткізді. Бұл шаралар кәсіби біліктілікті арттыруға және халықаралық тәжірибені енгізуге септігін тигізді.
Қазіргі таңда әлемде 120-дан астам елде конституциялық соттар немесе баламалы органдар жұмыс істейді. Олар елдерде заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және биліктің заң аясында әрекет етуін бақылау бағытында қызмет етеді.

Қазақстан да осы жаһандық қауымдастықтың белсенді мүшесі ретінде, құқықтық мемлекетті дамыту жолында жүйелі реформалар жүргізіп келеді. Осы форум – еліміздің халықаралық құқықтық диалогтағы орны мен рөлін айқындай түсетін маңызды қадам.
ҚР Конституциялық Сотының Баспасөз қызметі
