«Тәж-Торғай» – елдің бойтұмары: туристік кешенде құрылыс қызып тұр

«Тәж-Торғай» – елдің бойтұмары: туристік кешенде құрылыс қызып тұр

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов оңтүстік өңірлерге іс-сапарын Аманкелді ауданында жалғастырды. Батыр атындағы ауданда құрылысы жүріп жатқан көпсалалы туристік кешен елдің бойтұмары іспеттес.

Облыс әкімі кешенді аралап тағы бір мәрте көз қанықтырды. Құрылыс жұмыстарымен осы кешеннің негізін қалаушы белгілі меценат, жиһанкез, «Тілеп» жеке қорының бас директоры Сапар Ысқақовтың өзі таныстырды. Кешенде еңселі сәулетті нысандармен қатар шағын архитектуралық мүсіндер де көптеп бой көтеруде. Жақында ғана осы жердегі ұлттың ұлы тұлғаларының есімдері жазылған ‘Ұлттық жады» қабырғасы әлемдік рекордқа енгені белгілі. «Бостандық мүсіні», «Тайқазан», «Алтын адам» мүсіндері көрген жанды сүйсінтпей қоймайды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов елдің туристік әлеуетін дамытуды Президент басшылыққа алып отырғанын айтып өтті.

blank

«Алда өтетін «Ұлы дала жорығы» сынды әлеуетті жобаларды осы кешенмен байланыстыру қажет. Өңірдің туристік таныта түсуі үшін әлемдік байқауларға да қатысу маңызды», – деген пікір айтты облыс басшысы.

blank

Өз кезегінде Сапар Ысқақов Торғай топырағында киелі орындардың көп екенін тілге тиек етті.

«Елдегі геоглифтерді қоршап, оны ЮНЕСКО-ға енгізуге ықпал жасалса деген ұсынысым бар», – деді кешеннің негізін қалаушы меценат.

blank

Бүгінде бұл кешенді күтіп ұстау ауданның коммуналдық меншігіне берілген. Соның арқасында 10 адам жұмыспен қамтылып отыр. Демек, аудан халқын жұмыспен қамтуда да жерлесіміздің бастамасымен салынып жатқан жаңа туристік кешеннің ықпалы зор.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ