Ақеркенің анасы іс тігіп, әкесі техника жөндейтін. Алғашында Ақерке өзінің ақауланып қалған тоқ пешін жөндеуден бастады. Апармаған адамы жоқ, қолдарынан келмеді. Болмағасын шұқылап отырып, өзі жөндеп алды. Бір күні кір жуатын машинасы бұзылып, оны да өзі жөндеп, қатарға қосты.
Осылайша, оның қолынан іс келетінін әркім көріп, таңырқай бастады. Ақерке келе-келе ақырындап жақын-жуық, көрші-қолаңдардың істен шыққан тұрмыстық техникаларын жөндей бастады. Өз бетімен үйреніп, құдай берген қабілетінің арқасында ауыл-аймаққа шебер атанды. Ізденіс жасап, тыным таппады. Ғаламтор шыққаннан кейін Ақеркенің айы тіпті оңынан туды. Керегін іздеп, түсінбегенін интернеттен қарап алады. Сөйтіп, біртіндеп жаппай қызмет көрсете бастады. Тұрмыстық техниканы ашып-жаба бергесін әбден машықтанып, ісмерленіп алды.
Үйінің ескірген электр сымдарын да өзі жаңғыртып, қайта монтаждады. Елге «шебер» деген аты кеңінен жайылды. Өз балаларының киімдерін тігіп жүріп, ақыры оның да ауқымын кеңейтті. Киім кең болса тарылтып, тар болса кеңейтіп береді.
«Үйім қашық болса да күннің ыстығына қарамастан, Ақеркені іздеп келіп, шалбарымның балағын қысқарттырып отырмын. Көптен қызметін тұтынып жүргендіктен, істеген ісін тиянақты атқаратынын білгендіктен дереу осында жетемін. Халыққа көрсетіп жатқан қызметіне ризамыз. Бала-шағасы аман болып, құдай тілеуін берсін»,- дейді тұтынушыларының бірі, зейнеткер Бейсенбай Нәкенов.
Ақерке кір жуатын машина, шаңсорғыш, қысқа толқынды пеш, өтек, тігін машинасы – қысқасы, теледидар мен тоңазытқыштан басқасының бәрін таңдамай жөндей береді. Қажетті бөлшектерін интернет арқылы сатып алып, елден істеген еңбегінің ақысына тиын-тебенін алады. Қандай бір ақауланып тұрған дүние болса да аяғына дейін жеткізбей, істеп бермей қоймайды.
Бір әулетке келін болып түскеніне ширек ғасырдың жүзі болды. Бүгінде өзі де бес баланың анасы. Жолдасы Ерлан (ел Талғатбек деп атап кеткен) мал дәрігерлігінде күзетші болып жұмыс істейді. Өзі біраз уақыт баламен үй шаруасында отырды. Ара-тұра қоғамдық жұмыстарға да шыққаны бар. Көбіне тігінін тігіп, сиырын сауып, сүт пен майын сатып, күнкөрісін жасап келеді.
«Бұл істің бәрі маған бала күнімнен дарыған. Әкем де техника жөндеудің шебері болған кісі. Анам да ісмер жан болатын. Қазір халық маған түрлі тұрмыстық заттарын, техникасын жөндетуге, киім-кешегін тіктіруге келеді. Бұл менің тұрақты табыс көзіме айналды. Бағалары да қолжетімді: 3000, 5000, 10000, кейде 15000 теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар қоржын тігумен айналысамын. Той-томалаққа арнап қоржын дайындаймын. Сол қоржын тігудің шебер сынып сағатын видеоға түсіріп, «Telegram» арнасы арқылы сатамын. «TikTok» желісінде 14 мыңнан аса көрерменім бар. Сол жақтан оқырмандар тауып, тікелей эфир арқылы сабақ өткізіп, табыс табамын», – дейді ол.
Оның есінде қалған сәттердің бірі – былтыр «TikTok» желісі арқылы тікелей эфирде сүтті қолмен тартатын ескі (СССР) құрылғыны көрсетіп отырғанында, Семей тумасы, қазір Алматыда тұратын Динара Абдығалымқызы оған заманауи электрлі сүт тартқыш машина сыйға тартқан.
«Ол кісіге отбасымның атыннан зор алғыс айтамын. «Казпочта» арқылы салып жіберді. Қазір соны пайдаланып отырмын, жұмысымды жеңілдетіп берді. Бұдан бөлек, «Telegram-да» онлайн курс өткізіп, шеберлік сабағымды сатамын. Қазір сұраныс өте жақсы. Әсіресе, қоржын тігу мен тұрмыстық техникаларды жөндеу сабағым көп қаралады. Кез келген жұмысты шынайы ниетпен жасасаң, пайдасын көреді екенсің. Бастысы – ерінбей, жалқыпай еңбек ету»,-дейді ауыл шебері Ақерке Ғабдырахманова.
Ол алдағы уақытта шағын болса да өз шеберханасын ашып алуды көздейді. «Үйдің жанынан дүңгіршек болса да салып бер» деп жолдасына қолқа салып та қояды. Қолындағы тігін машинасын несиеге алып, оның ай сайынғы төлемін әлі төлеп жүр. «Бизнес бастау» жобасымен курстан өткен. Алайда үкіметтік бағдарламаларға қатысайын десе, ешқандай санатына жатпайды. Көп балалы отбасы санатына келмейді, әлеуметтік көмек алмайды. Сол себептен қысқа жіптің күрмеуге келмей жүрген жайы бар. Анасының көзіндей болып қалған тігін машинаны осы уақытқа дейін қолданып келді. Енді жаңа машинаның игілігін көріп жүр. «Бұйырса, өз құнын өзі өтейді», — деп шүкіршілік етіп қояды. Құрылыс жағынан да хабары бар. Қабырғаның сылағы түссе, есік-терезенің бояуы кетсе, өзі сылап, сырлай береді.
Есігінің алдына бау-бақша егеді. Үйінің маңайын тап-тұйнақтай қылып жинап, гүлдендіріп қойған. Дала жұмыстарына жолдасы жәрдемдеседі. Балаларын да еңбекке жақын етіп тәрбиелейді.
«Менің өмірлік ұстанымым — ешқашан тоқтамау, үнемі ізденіп, еңбектену. Балаларымды да адал еңбекке баулып, өз ісінің маманы болуға тәрбиелеп келемін. Ең басты қағидам – баланың қызығушылығына құрметпен қарап, қолдау білдіру. Қолымнан келгенін жасап, табыс тауып, отбасыма пайда келтіріп отырғаныма шүкіршілік етемін. Мен заманауи қоғамда қолынан іс келетін, елге үлгі болар еңбек адамы ретінде өмір сүруді насихат етемін. Балаларым кішкентайынан менің еңбек етіп жүргенімді көріп өсіп келеді. Оларға әр істің қадірін түсіндіруге тырысамын. Еңбек еткен адам ешқашан жаман болмайтынын ұдайы айтып отырамын. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету — үйіміздің басты қағидасы. Қолым босамаса да, әрқайсысына көңіл бөліп, жақсы сөз айтуға ұмтыламын»,-дейді көп балалы ана Ақерке Сержанқызы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
