Жангелдин аудандық «Көшбасшы әйелдер» клубының ұйымдастыруымен еркін форматтағы мазмұнды диалог алаңы ұйымдастырылды. Кездесуге әр салада табысқа жеткен аналар шақырылып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Аналардың қоғамдағы рөлі, еңбекте жеткен жетістіктері, отбасы құндылықтары және заманауи өмірдің өзекті мәселелері кеңінен қозғалды.
Еңбек ардагері Гүлжан Нұрмағзұм әлеуметтік сала жұмысының жауапкершілігі зор екенін, зағип, жүріп-тұруы шектеулі жандармен жұмыс істеу үлкен сабыр мен жүрек жылуын талап ететінін жеткізді. Қоғам көп жағдайда бұл еңбектің ауырлығын толық түсіне бермейді. Дегенмен, қазір әлеуметтік саланың маңызы артып, қамқорлық мәдениеті нығайып келе жатқаны қуантады.

Ауданнан шыққан алғашқы тракторшы Нұрбибі Жабағина мектепті аяқтағаннан кейін комсомолдық жолдамамен екі жыл қатарынан мал бордақылау бригадасында жұмыс істеп, жастайынан ауыр еңбекпен шыңдалғанын айтты.

Ағасының кеңесімен үш айлық курсты оқып алған. Ауылда жем- шөп дайындау науқанына қатысып, кейін шалғай аудан, қалаларға қатынап, жүк пен көмір тасымалдаған. Еңбегі бағаланып, облыстық советтің екі мәрте депутаты болып сайланған. Бүгінде немере сүйіп отырған ардақты әже.
Ұзақ жылдар бойы ұрпақ тәрбиесімен айналысқан Гүлнара Тайжанова әр баланың жүрегіне жол табудың маңыздылығы туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Бүгінде талай шәкіртінің жетістікке жетіп, елдің абыройын асқақтатып жүргенін мақтанышпен жеткізді.
Ұстаз — спортшы Алуа Мұхамедиярова спорттың тәртіп пен табандылықты, намыс пен қайсарлықты қалыптастыратын маңызды мектеп екенін әңгімеледі. Ұлағатты ұстаздың шәкірттері ел намысын қорғап, биік белестерді бағындырып жүр.

«Бұның бәрі – жүйелі еңбек пен дұрыс бағыт – бағдардың жемісі. Қоғамға еңбегі сіңген жандармен ашық диалог құру – бұл тек әлеуметтік бастама емес, стратегиялық маңызы бар қоғамдық қажеттілік», – дейді іс кездесуді ұйымдастырып әрі жүргізген клуб мүшесі Сәуле Бақытжанқызы.
Кездесу барысында бақытын еңбектен тапқан асыл аналардың өмір жолдары кеңінен насихатталып, Н. Ахметбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары аналарға арнап өнерден шашу шашты.
Жангелдин аудандық «Көшбасшы әйелдер» клубының төрайымы Жадыра Қошеметова іс-шараның мазмұнды әрі жоғары деңгейде өткеніне ризашылығын білдіріп, «Әйелдер күштері» Альянсы Қостанай облыстық филиалының төрайымы Римма Бектұрғанованың «Алғыс хаты» мен сый-сияпаттарын табыстады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ,
Жангелдин ауданы
