Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің мәжіліс залында «Заң және тәртіп-қауіпсіз балалық шақтың кепілі» атты қалалық форум ұйымдастырылды.
Форумда қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов «Заң және тәртіп — қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы аясында Арқалық қалалық полициясы басқармасымен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізген білім ошақтарын марапаттады. Олардың қатарында Ш.Уәлиханов, Кейкі батыр атындағы және №4 және №7 «Келешек» мектебінің ұжымы бар.

Қала және ауыл мектептері мен кәсіптік оқу орындарына 11 ювеналды полиция тобының инспекторлары бекітілген.

Заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп – әрбір баланың қауіпсіз өмір сүруінің негізі екенін ұғындыруға ұмтылады. Бала қауіпсіздігі, құқықтық тәрбие, денсаулық және отбасы құндылықтары жөнінде пікір алмасады.
Арқалық қалалық полиция басқармасының берген мәліметінше 2026 жылдың 2 айында кәмелеттік жасқа толмағандар арасында 79 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуы, алкогольдік ішімдікке үйір болуы сынды фактілер тіркелген.
Ашық диалог алаңында өткен форумда баяндамашылар өз ойлары мен ұсыныстарымен қатар осы мәселелерді ортаға салды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
