Торғайда бір көшенің тұрғындары учаскеге ұлттық киіммен барып дауыс берді

Торғайда бір көшенің тұрғындары учаскеге ұлттық киіммен барып дауыс берді

Жангелдин ауданының орталығы Торғай шаһарында Тоқтабаев көшесінің тұрғындары 15 наурыз күні өтіп жатқан республикалық референдумда белсенділік танытып, дауыс беру учаскесіне ұлттық киіммен келіп, өз таңдауларын жасады.

«Жангелдин ауданы бойынша 23 референдум учаскесі бар.Оның 5-і аудан орталығында,ал өзгесі ауылдық елді мекендерде. Жалпы тізімге сай 4973 дауыс беруші есепке алынған», — дейді Жангелдин аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Ерболат Жақып.

Аудан тұрғындары бұл күннің ел болашағы үшін маңызын атап өтіп, бірлік пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсетті. Ұлттық нақыштағы киім киген торғайлықтар дәстүрге деген құрметін білдіріп, маңызды саяси науқанға үлес қосты.

Осылайша, Тоқтабаев көшесінің тұрғындары ел тағдырына бейжай қарамайтынын дәлелдеп, референдумға белсене қатысып, азаматтық ұстанымдарын танытты.

Жангелдин ауданының құрметті ақсақалы Тыныштық Әбжамалов 15 наурыз күні өткен республикалық референдумда өз таңдауын жасап, дауыс берді. Ол референдум – мемлекет дамуы үшін маңызды қадам екенін атап өтіп, әр азаматтың ел тағдырына жауапкершілікпен қарауы қажет екенін жеткізді. Аға буынның осындай үлгісі жастарға да өнеге болып, қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікті нығайта түсетіні сөзсіз.