18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай Жангелдин аудандық Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде «Батагөйлер» сайысы ұйымдастырылды.
«Бата – ұрпаққа аманат, ұлтқа мұра», «Ақ батамен ел көгерер, өнегемен ер көгерер», «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» , – деген дана халқымыз.
Аталған іс-шара міне, осы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, бата беру дәстүрін жаңғырту, жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беру үшін қолға алынып отыр.
Сайысқа аудан орталығы Торғай селосы мен оған қарасты Сужарған, Аралбай, Ақшығанақ, Көкалат, Шеген, Жаркөл ауылдарынан елге сыйлы батагөй қариялар қатысты.
Қатысушылар байқау талаптарына сай: «Ел есіндегі баталар» – қатысушыларға берілген үй тапсырмасын көпшілік алдында айту, «Әдет-ғұрып – тәрбиенің бастауы» – дорбадан алынған екі сұраққа мүдірмей жауап беру (жалпыхалықтық ақ баталар, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер) және қорытынды кезең бойынша бақтарын сынады.

Әділқазылар алқасы да елге еңбегі сіңген, бұрын ауданның әр саласында басшылық қызметтер атқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан азаматтар құралды.

«Ауданымызда батагөй қариялардың арқасында ұлттық салт – дәстүріміз қайта жаңғырып, сахна төрінде ерекше бір үйлесімін тапты. Осындай тағылымы мол іс — шаралар арқылы ұлттың асыл мұрасы – бата беру дәстүрі ұлықталып, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде насихаттала береді», –дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Асанханқызы.
Мұрат Жүнісұлы
Жангелдин ауданы
