Бүгін Қостанайдағы облыстық қуыршақтар театрында М. Әуезовтың әңгімесі бойынша «Көксерек» спектаклінің тұсаукесері өтті.
Қойылым ерекше әсер мен тәрбиелік мәнге толы болды. Бұл қойылым қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларының бірі негізінде сахналанып, адам мен табиғат арасындағы күрделі байланысты тереңінен ашады.
Қоюшы-режиссер былтыр ғана Ақтөбеден келген жас маман Арайлым Кәрім. Бұл оның тырнақалды туындысы екен.
«М. Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі бала күнімнен сүйіп оқитын туындым. «Көксерек» – бұл тек сахналық шығарма емес, ол – ойлануға, сезінуге, қорытынды жасауға шақыратын өмірлік сабақ. Табиғатқа жасалған әрбір әрекетіміздің салдары болатынын ұмытпауымыз керек. Бұл қойылымды сахналауға ұзақ уақыт дайындалдым. Толқыныс, қобалжу бар. Мақсатым көрерменнің жүрегіне жол табу, олардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, жанашырлық сезімін ояту», – дейді Арайлым.
Қойылым барысында басты кейіпкер – қасқыр Көксеректің тағдыры арқылы табиғат заңдылығы, еркіндікке ұмтылыс және адам әрекетінің салдары шебер бейнеленеді. Қуыршақтар арқылы берілген кейіпкерлердің қимыл-қозғалысы, дыбыстық және жарық эффектілері көрермендерді оқиға желісіне толықтай енгізіп, ерекше атмосфера қалыптастырды.
Әсіресе, Көксеректің адамдар арасындағы өмірі мен қайтадан түзге бейімделуі көрерменге ой салады. Бұл қойылым балаларға ғана емес, ересектерге де үлкен әсер қалдырып, табиғатқа жанашырлықпен қарау керектігін еске салады.

Қорыта айтқанда, «Көксерек» қойылымы – мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары, тәрбиелік мәні зор сахналық туынды. Келем деушілер болса, 19 наурыз күні сағат 17.00-де сахналанатын болады.
