Тобыл тұрғындары игі іске жұмылды

Тобыл тұрғындары игі іске жұмылды

Тобыл қаласында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең көлемді экологиялық сенбілік өтті.
Экобағдарлама қаладағы «Алтын дән» мәдениет үйінің алаңынан бастау алды. Игі бастамаға Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, «AMANAT» партиясының өкілдері, құзырлы орган қызметкерлері мен жастар ұйымдары атсалысты.

«Алғашқы сенбілігімізді өткізіп отырмыз. Мемлекет басшысының бастамасына сай, Қостанай ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Сенбілік аясында Тобыл қаласы көшелерін абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, ауданымыздың барлық елдімекендерінде мекемелер де сенбілікке шығып, тазалық жұмыстарын қолға алады. Жалпы, осы іс-шара аясында біз әрбір тұрғынға өз үйлерінің маңын тазалап, қоқыстарды шығарып, айналаны ретке келтіру қажеттігін жеткізуіміз керек. Сондай-ақ ағаш отырғызып, гүл егу – әр азаматтың ортақ міндеті екенін түсіндіру маңызды», – дейді Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев.

Аудан басшысы тазалық – тек әкімдік пен коммуналдық қызметтердің ғана міндеті емес. Бұл – әрбір адамның, әрбір отбасының жауапкершілігі екенін жеткізді.

Әрбір мекеме мен ұйымға нақты аумақтар бекітіліп, тазалық жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылған. Сенбілікке барлығы онның үстінде арнайы техника жұмылдырылған. Жиналған қоқыстар дереу тиеліп, шығарылды. Тазалық жұмыстары негізінен жол жиегі, жасыл аймақтар мен қоғамдық орындарды қамтыды.

blank

«10 сәуір және 20 мамыр аралығында қаламызда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық айлығы өтіп жатыр. Бұл жолғы сенбілікке мемлекеттік қызметкерлер, қаладағы ұйымдар және өз елінің патриоттары – Тобыл қаласының тұрғындары шығып жатыр. Тазалық айлығы кезінде ағаш отырғызылады, көшедегі қоқыс жиналып, мердігерлермен қоса жолдарды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ағаш егу туралы айтсақ, Сарыкөл трассасына жүзден аса терек, қарағаш көшеттерін отырғызамыз. Әулиекөл трассасы жағында өздеріңіз көрген боларсыздар, ағаштардың артық бұтағын кесу жүріп жатыр. Әкімдік қана емес, әр тұрғын ауласын тазалап, сырлап, әктеу керек. Оны күн сайын біздің мамандар қадағалап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», – дейді аудан әкімінің орынбасары Елдар Искаков.

Сенбілікке төрт жүзден астам адам қатысты. Ұйымдастырушылар тарапынан қоқыс жинауға арналған қаптар мен қажетті құрал-жабдықтар толық қамтамасыз етілді. Осылайша мамыр айының соңына дейін яғни, бір ай бойы сенбілік өткізіліп тұрады. Осы ретте тұрғындардың да өз аумақтарын ретке келтіріп, экобағдарламаға атсалысқаны маңызды.

«Сенбілікке белсене қатысып, өзімізге бекітілген аумақты тазалап шықтық. Кітапхана қызметкерлері үшін тек рухани құндылықтарды насихаттау ғана емес, сонымен қатар туған жердің тазалығына үлес қосу да маңызды. Үйдегі балаларымызды да ауланы таза ұстап, әркез тиянақты болуға үйретеміз. Осындай шаралар адамдарды бірлікке, жауапкершілікке тәрбиелейді. Әсіресе, жас ұрпаққа үлгі болуымыз керек деп есептеймін», – дейді аудандық кітапхана қызметкері Дана Қабиболлақызы.

Әр мекемеге нақты аумақ бекітіліп, бірлесе атқарылған жұмыс нәтижесінде қала көшелері тазарып қалды.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blankЕндігі кезекте көшеттер отырғызылып, абаттандыру жұмыстары қарқын алатын болады. Жол жиектері әктеліп, рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары да назардан тыс қалмайды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ