Х «Studentvision» байқауы жастар сарайын думанға айналдырды

Х «Studentvision» байқауы жастар сарайын думанға айналдырды

Мерейтойлық форматта ұйымдастырылған жоба он жыл ішінде Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің шағын бастамасынан өңір жастарын біріктіретін ірі мәдени алаңға айналып үлгерген. Биылғы байқау жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігімен, қатысушылардың тың идеяларымен және сырттан келген қонақтармен есте қалды десе де болады.

Байқау қорытындысына келер болсақ, қазылар алқасы негізгі номинациялар бойынша үздіктерді анықтап, есімдерін атады. «Вокал» аталымында Австрия елінің атынан қатысқан Сабина Адебиет (Қостанай политехникалық жоғары колледжі) жеңімпаз атанды.

Ол «Rise Like a Phoenix» әнін жоғары деңгейде орындады. Ал «Хореография» номинациясында бас жүлде байқау иелерінде қалды. Швеция атынан өнер көрсеткен «System 9» ұжымы (Қостанай жоғары педагогикалық колледжі) жеңіске жетіп, көрермендерді шеберлігімен, үйлесімді қимылымен және заманауи стилімен тәнті етті.

Кеш барысында «Вокал» бағыты бойынша Князь Филиппов, Манат Дүйсебаев, Жанерке Сисенбай және Вероника Горицына өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, сертификаттарға ие болды.

Ал «Хореография» номинациясында «MDC», «Жас Толқын», «Merey» және «Golden Stars» ұжымдары сахна мәдениеті мен ұлттық нақышты үйлестіре отырып, кәсіби деңгейдегі қойылымдарын ұсынды.

Кештің құрметті қонағы – Швеция Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Стефан Эрикссон болды. Оның қатысуы байқаудың халықаралық деңгейін айқындап, мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызын арттыра түсті.

blank blank blank blank blank blank blank

«Studentvision» жаңа таланттарды танытып қана қоймай, шығармашылық ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті. Бұл жоба Қостанай жастарының өнерге деген қызығушылығы мен әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Антон Боков