Ыбырай Алтынсарин музейінің ғылыми-зерттеу қызметі ХІХ ғасырдағы көрнекті қазақ ағартушысы, педагог және қоғам қайраткері Ы.Алтынсариннің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу мен сақтаудағы маңызды бағыты.
Көптеген жылдар бойы зерттеушілер арасында ағартушының тұрған жері мен жерленген орнына қатысты мәселелер ерекше қызығушылық тудырып келеді. Бұл тақырыпта бірқатар ғылыми мақалалар мен архивтік зерттеулер жазылды.
Осы тақырыпқа арналған зерттеулердің бірі – Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі басшысының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары болған Салтанат Өтелбаеваның «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланған «Алтынсариннің ақ мазары – азаттығын аңсаған Алаш арыстарының ұрпағын рухтандыратын киелі нысан» атты мақаласы болды. Зерттеудің негізгі мақсаты – Ы.Алтынсариннің тұрған жері мен жерленген орнына қатысты архивтік және тарихнамалық дереккөздерді кешенді түрде қарастыру. Мақалада ұсынылған зерттеу нәтижелерімен толығырақ танысу үшін «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланған толық нұсқасына жүгінуге болады: https://abai.kz/post/139944
Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі қызметкерлерінің зерттеу жұмыстарының жалғасы ағартушы өмірінің Қостанай кезеңі туралы қазіргі түсініктерді айтарлықтай толықтыруға мүмкіндік беретін жаңа архивтік материалдарды анықтау болды. Ресей мемлекеттік тарихи архивінің (РМТА, Санкт-Петербург қ.) қорларындағы жұмыс барысында бұрын ғылыми айналымға енгізілмеген ХІХ ғасырдың соңындағы картографиялық құжат – «Торғай облысы Николаев уезі Қостанай қонысының тұрғындарына арналған жер телімінің жобалық жоспары. 1885 жылы жасалған. Түсірілімді жүргізген және жоспарды сызған Орман ведомствосының аға межелеушісі, алқалық тіркеуші Белоглазов» (РМТА, 1291-қор, 82-тізім, 29-іс) табылды. Табылған құжат Ы.Алтынсарин үйінің орналасқан жері мен оны қоршаған тарихи кеңістіктің ерекшеліктері туралы мәліметтерді қамтитын құнды тарихи дереккөз болып саналады.

1885 жылы жасалған картографиялық құжат
Бүгінгі таңда бар мәліметтерге сәйкес, бұл картографиялық құжатты Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметін зерттеген ғалымдар бұрын пайдаланбаған, бұл оны жаңа әрі маңызды тарихи дереккөз ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Картаның ерекше құндылығы – оның тарихи шынайылығында, жан-жақты, егжей-тегжейлі көрсетілуінде. Онда жер телімдерінің шекаралары, жол бағыттары, су нысандары, шаруашылық құрылыстары, тұрғын үй жайлары және ХІХ ғасырдың соңындағы Қостанайдың тарихи ландшафтының басқа да элементтері белгіленген.
Мұндай белгі-объектілердің болуы құжаттың тарихи құндылығын айтарлықтай арттырады және 1885 жылы жерді межелеу кезінде жасалған архивтік дереккөз негізінде Ы.Алтынсарин үйінің орналасқан жерін дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, картада ағартушының тұрған жеріне тікелей жақын орналасқан көпес Сейдалиндердің үйлерінің белгіленуі де ерекше қызығушылық тудырады. Ағайынды Сейдалиндердің Ы.Алтынсаринді оның ағартушылық қызметінде қолдағаны және Торғай облысында алғашқы қыздар мектептерін ашуға айтарлықтай септігін тигізгені белгілі, олар оның пікірлестері әрі халыққа білім беру ісін дамытудың белсенді қатысушылары болған. Бұдан бөлек, картада «б. (белая) мазарка» «Ақ там» белгіленген, ол басқа да тарихи дереккөздерге сәйкес, Алтыбас-қыпшақтың ата-қорымына жатады, бұл жерде ағартушы Ыбырайдың атасы – Балқожа би де жерленген.
Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында сақталған 1875 жылдан бастап ағартушы өмірінің соңғы минутына дейін Ыбырайдың жанында болған шәкірті Ғ.Балғымбаевтың қолжазба естелігінің тұпнұсқасын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Естелікте: «В день его смерти совершили по мусульманскому обычаю омоверения тела покойного при участии муллы 6-7 человек, потом окутали тело из белой материи, хоронили вблизи дома (зимовки) в одной версте, в общей мазарке, где раньше хоронили все его родственники и дед Балғожа бий, в оградке, называемой Ак там (белая мазарка). «При переезде из Тургая в Кустанай Ибрай Алтынсарин этот свой дом продал под Тургайское ремесленное училище и построил на эти деньги вблизи Костаная за р. Тобыл в 4 верстах от Кустаная деревянный дом с 5-6 комнатах с надворными постройками, из дерен и забором из того же материала. Несомненно ему, как прибывшему после долгого отсутствия, помогли ближайщие родственники главным образом доставкой сторойматериалов и рабочих рук (Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қоры, «Воспоминания Балгымбаева об И.Алтынсарине», 62-129.
Ы.Алтынсарин жатқан осы қорым бейнеленген картографиялық құжатты ғылыми айналымға енгізу бұрыннан белгілі мәліметтерді жаңа құжаттық айғақтармен толықтырып қана қоймай, олардың шынайылық деңгейін де арттырады, өйткені олар 1885 жылғы жерді межелеу барысында жасалған ресми картографиялық дереккөзге негізделген. Осылайша, табылған құжат Ы.Алтынсариннің өмірбаянын одан әрі зерттеу, ХІХ ғасырдың соңындағы Қостанаймен оның айналасындағы тарихи топографиясын нақтылау үшін маңызды мәнге ие.
Осы ойларды жалғастыру үшін тағы бір тарихи деректі оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Бұл құжат Қостанай облысының архивінен табылып, кезінде Ы.Алтынсарин музейінің қорына тапсырылған еді.

Ы.Алтынсарннің жерленген орнының схемасы
Сызба-кестесінің басында: «… Бұл зиратта қазақтың ұлы ағартушысы Ибраһим Алтынсарин және туыстары жерленген» — деп жазылған. Осы сызбаның сол жағында төменде: «Қостанай-Семиозерное трактасы (жолы)» деген жазу бар.
Бүгін, яғни 17 шілде ағартушы Ибраһим Алтынсарыұлының дүниеден өткен күні. Қайтқанына 137 жыл, туғанына 185 жыл толып отыр. Осыған орай Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен ұстаз рухына құран бағышталып, кесене басында келелі жиын өтті. Қорыта айтқанда, Ыбырайдың жерленген жеріне қатысты алып-қашпа әңгімелердің нүктесін қоятын кез келді. Жоғарыда көрсетілген дереккөздері осының бұлжытпас айғағы. Осындайда Ы.Алтынсариннің күйініштен туған өлең жолдары еріксіз есіңе түседі.
«Надандық қандай қызық қарап тұрсаң,
Көңілі соқыр көрмейді көзге ұрсаң.
Бабын қалай табарсың бұл қазақтың,
Басқа тебеді жаныңды құрбан қылсаң».
Марғұлан ОСПАНОВ,
Ыбырай Алтынсариннің облыстық
мемориалдық музейінің басшысы
