Отандық машина жасау саласы тағы бір ірі халықаралық жобамен толықты. Премиум кластағы гибридті көліктер шығаратын әлемге әйгілі Li Auto бренді Қытайдан тыс аймақтағы өзінің ең алғашқы сериялы өндіріс алаңы ретінде Қостанайдағы Allur зауытын таңдады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қостанайдағы өндіріс ошағында брендтің ең өтімді әрі сұранысқа ие саналатын Li L6, Li L8 және Li L9 флагмандық модельдері құрастырылатын болады. Сала мамандары бұл қадамды еліміздегі электромобильділік, зияткерлік басқару жүйелері және цифрлық өндірістік шешімдерді дамытудың жаңа кезеңі деп бағалап отыр.

Әлемдік алпауыттың таңдауы неліктен Allur-ға түсті?
Мұндай жауапты шешім қабылдамас бұрын Li Auto компаниясының білікті сарапшылары Қостанайдағы кәсіпорынға жан-жақты кешенді аудит жүргізгенін айта кету керек. Тексеру барысында зауыттың өндірістік желілері, қолданыстағы құрал-жабдықтары, технологиялық процестері мен сапаны бақылау жүйесі мұқият қаралды. Сонымен қатар, инженерлік және техникалық персоналдың біліктілік деңгейіне ерекше назар аударылды.

Аудит қорытындысы бойынша Allur зауыты халықаралық деңгейдегі ірі жобаларды сәтті жүзеге асыру тәжірибесі, қалыптасқан жоғары өндірістік мәдениеті және жаһандық автоөндірушілердің қатаң талаптарына сай келетін тұрақтылықты қамтамасыз ете алатындығының арқасында үздік деп танылды.
«Біз алғашқы шетелдік серіктесімізді таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарадық. Қазақстан — Li Auto автокөліктері Қытайдан тыс жерде шығарылатын алғашқы мемлекет, аталған брендтің сериялы өндірісін өз базасында жүргізу сеніп тапсырылған әлемдегі ең алғашқы серіктес — Allur. Бұл біздің компанияның жаһандық дамуындағы және халықаралық автокөлік өнеркәсібіндегі ынтымақтастықтың маңызды белесі», – деп атап өтті Li Auto компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі басқарушы директоры Нестор Ву ынтымақтастық келісіміне қол қою рәсімінде.
Инновациялық технология мен гибридті жүйенің артықшылығы
Li Auto модельдері электрлік жетек, тартымдық батарея, интеллектуалды электронды архитектура және жасанды интеллект технологиялары біріктірілген заманауи платформада құрастырылған. Көліктің басты ерекшелігі — оның тізбекті гибридті жүйесінде (EREV). Яғни, автокөлік тек электр қозғалтқышы арқылы қозғалысқа келеді, ал іштен жану қозғалтқышы тек генератор қызметін атқарып, батареяны қуаттауға және жүру қашықтығын еселеп арттыруға ғана қолданылады.

Мұндай инновациялық тәсіл күнделікті қала ішіндегі сапарларды толықтай экологиялық таза электр қуатымен өтеуге мүмкіндік беріп, жанармай шығынын барынша азайтады. Сонымен бірге, ұзақ қашықтықтарға ешқандай кедергісіз, жайлы саяхаттауға толық кепілдік береді.
Жаңа деңгей, жаңа міндеттер
Әрине, Li Auto сияқты күрделі премиум көліктерді шығару Қостанай зауытынан жаңа технологиялық процестерді енгізуді талап етеді. Кәсіпорын электронды жүйелерді баптау, жоғары технологиялық компоненттердің сапасын қадағалау және жабдықтарды калибрлеу бағытындағы құзыреттілігін одан әрі кеңейте түспек.

«Алдымызда мүлдем жаңа деңгейдегі міндет тұр. Зауытымызда қажетті өндірістік база, халықаралық жобаларды басқару тәжірибесі және ең заманауи автокөлік технологияларын игере алатын мықты команда бар. Біздің басты мақсатымыз — бізге артылған жоғары сенімді нақты нәтижемен дәлелдеп, Қазақстан аумағында Li Auto көліктерін брендтің ең жоғары стандарттарына сай шығаруды қамтамасыз ету», – деп түйіндеді Allur зауытының өндіріс жөніндегі атқарушы директоры Арғұлан Майконов.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Allur өндірістік алаңында Kia, Chevrolet, JAC, Jetour, Škoda, Geely Galaxy, MG, Soueast және GAC сияқты әлемдік брендтердің көліктері табысты құрастырылып жатыр. Сондай-ақ, өткен жылдың соңында кәсіпорын Қазақстандағы баламалы энергия көзімен жүретін тұңғыш өнім — Geely Galaxy EX5 EM-i моделін шығаруды сәтті бастаған болатын. Енді, міне, Li Auto өндірісінің іске қосылуы отандық автопромның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір сатыға көтеретіні сөзсіз.
