– Қытайдың халықаралық қауымдастық алдындағы беделі зор және оның жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда еліңізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерді бәріміз үлкен қызығушылықпен қараймыз.
Бұл, ең алдымен, Сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санаймын. Өзіңізді халқын алға бастап келе жатқан тегеурінді көшбасшы және жаһандық деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде ерекше құрметтеймін. Сіз көтерген игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі. Соңғы жылдары мемлекеттеріміз арасындағы саяси диалог айтарлықтай жандана түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚХР Төрағасы Қазақстан Президентіне ілтипат білдіріп, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға орайлы мүмкіндік туып отырғанына назар аударды.
– Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті. Өзара ықпалдастықты дамытудың әлеуеті өте зор. Қазақстан Президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүддесіне сай келеді, – деді Си Цзиньпин.
