Ауылдан біздің неге кетеді?

Ауылдан біздің неге кетеді?

Қарапайым қисынға салсақ, әр аудан-қаладағы кәсіптік оқу орындарының өзі ауылдардағы жас механизатор тапшылығын жабуға қауқары жетер еді. Бірақ түлектің бәрі туған жерінде қалғысы келсін бе? Айталық, Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінде бүгінде 95 бала техник-механик мамандығында оқиды.

Биыл ғана 25 студент осы мамандықты бітіріп шыққан. Колледж басшысымен жолыққанымызда ол кейінгі жылдары оқу тәмамдаған түлектердің елеулі бөлігі ауылдық жерде жұмыс істеп жүргенін айтты. Бірақ қалаға кететін жастардың әлдеқайда көп екенін де жасырмайды.

«Әр түлек бізге мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқаны туралы анықтама жіберуге міндеттеледі. Ол біздің есеп беруімізге қажет. Мұны жыл бойы қадағалаймыз. Әрине, ауылда жұмыс істеуден қашатын жастар қатары аз емес. Оның бірнеше нақты себебі бар. Біріншісі – тұрмыстық жағдай. Барлық ауылда үй бола бермейді. Жалақы көлемі де жастардың көңілінен шыға қоймайды. Екіншіден, ауылдық жердегі техник-механиктер жұмысы көктем-күз маусымында ғана жүреді. Жұмыс берушінің көбі қыс айларында айлық төлемейді. Ал жастар өскісі, дамығысы келеді. Сондықтан қалаға кеткенді жөн көреді», – дейді Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің директоры Ирина Науменко.

Шаруашығындағы маман тапшылығын ретке келтіру үшін колледжге оқу жылының басында жүгініп, болашақ жұмыскеріне арнайы тапсырыс беретін кәсіпкерлер де бар екен. Оқытушылар қос тарапты келісім бойынша, сол тапсырысқа сай бала дайындайды. Ал олар колледж түлегін баспанамен қамтып, жыл он екі ай тұрақты жалақы төлеуге уәде етеді. Өз мәселесін әріден ойлайтын осындай жұмыс берушілер бар.

«Бірақ, жасырары жоқ, бәрі бірдей мұндай қадамға бара бермейді. Болам деген жасқа тәлімгер беріп, іске үйретуді ойламайтын, қыс кезінде ағаш жару, отын-су тасу сияқты мамандығынан тыс жұмысқа салып қоятын қожайындар кездеседі. Міне, осындай факторлар жастарды ауылдан қашқақтатады деп ойлаймын», – дейді Ирина Науменко.

Колледж директорының айтуынша, кейінгі уақытта техник-механик мамандығын игеріп шыққан сарыкөлдік жастар облыс орталығындағы Allur, KamLit сияқты ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасып жатыр. Ол жерлерде табыс та жоғарырақ, жан-жақты даму мүмкіндіктері де кең.

Өңірдегі осы мамандыққа таңдауы түскен түлектер дерегін білмекке облыстық Білім басқармасына да жүгіндік. Ведомство мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта облыс көлемінде «Механизатор» мамандығы бойынша 507 студент оқып жатыр. 2026 жылы өңірде осы мамандықты ұзын саны 195 бала бітіріп шыққан. Оқуды 30 маусымда тәмамдаған түлектер әлі де жұмыс іздеу, орналасу үстінде.

Жандос Жүсіпбек

Суретті түсірген Василий Васильев

Сарыкөл ауданы