Облыс орталығындағы мемлекеттік мекемелер мен ҚР ҰҚК-ның Шекара қызметі жастарды жұмысқа қабылдауға ынталы. Олар жас толқынға жоғары жалақы, әлеуметтік қолдау көрсетуге дайын.
Қостанай қаласының әкімдігі ұйымдастырған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 12 мемлекеттік мекеме қатысты. Жастар жұмыс берушілермен жүздесіп, толғандырған сауалдарын қойды. Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, кандидаттарға қойылатын талаптар түсіндірілді.

«Жәрмеңке бос лауазымдарға жалпы конкурстар өткізу тәртібі мен іріктеу процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталды. Мемлекеттік органдар мен әлеуетті кандидаттардың тікелей диалогын қалыптастыруға баса мән берілді. Жұмыс іздеушілер ақпарат алумен қатар кадр қызметтерінің өкілдеріне сауал жолдау мүмкіндігіне ие болды. Мұндай жәрмеңкелерді өткізу сапалы кадрларды жинауға, мемлекеттік органдардың кадрлық әлеуетін нығайтуға, халықтың мемлекеттік қызметке сенімін арттыруға септігін тигізеді», – деді Қостанай қаласы әкімдігі аппаратының кадр қызметінің басшысы Меиз Мұқатова.
Сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаменті де жастарды жұмысқа шақырып отыр.
Мерзімді әскери қызметін өтеген және әскери-техникалық мектепте оқыған балалар мен әскери кафедралардың түлектерін іздейді. 18-33 жас аралығындағы талапкерлерге көптеген қолдау шараларын ұсынбақ.

«11-сынып бітірген оқушылар мен колледж бітірген ізденушілерді, арнайы орта білімі бар жастарды қабылдаймыз. Жалақы мөлшері 270 мың теңгеден басталады. Ай сайын пәтерақы және тұрғын үй төлемдері төленеді. Орта есеппен алғанда әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне айына 57 мыңнан пәтерақы беріледі. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне жыл сайынғы демалыс уақытында Қазақстан аумағында жолаушылар пойыздарымен бір бағытқа (сонымен қатар кері) тегін қатынау құқығы берілді», – деп хабарлады кадрлар бөлімінің офицері, лейтенант Ерасыл Жалелов.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ
