«Таза Қазақстан»: Қостанай ауданында ауқымды акция ұйымдастырылып, көл жағасы қоқыстан тазартылды

«Таза Қазақстан»: Қостанай ауданында ауқымды акция ұйымдастырылып, көл жағасы қоқыстан тазартылды

Қостанай ауданында туған жерге деген жанашырлықтың нақты іспен дәлелденетінін тағы бір мәрте көрсетті. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Каменное көлі аумағында ауқымды экологиялық акция өтті.  Іс-шара плоггинг түрінде ұйымдастырылды.

Плоггинг жай ғана жүгіру емес. Бұл – қозғалыс барысында айналаны тазартуға мүмкіндік беретін пайдалы бастама. Қолдарына қап пен қолғап ұстаған акция қатысушылары көл жағалауы мен туристер демалатын орындардағы қоқысты жинап, табиғатқа деген жауапкершілік әр адамнан басталатынын өз үлгілерімен көрсетті.

Каменное көлі Қостанай ауданындағы табиғаттың көрікті інжу-маржандарының бірі саналады. Табиғат ескерткіші Заречный ауылдық округінің аумағында, Тобыл өзенінің әсем жағалауында орналасқан. Аумағы шамамен 2,5 гектар болатын көлді жартасты жыралар мен биік қырлар қоршап жатыр. Осындай ерекшелігіне байланысты көл «Каменное» деп аталған. Мұнда орман тыныштығы, судың салқындығы және бүлінбеген табиғаттың ерекше атмосферасы үйлесім тапқан.

Алайда демалушылармен бірге бұл жерге жаппай туризмнің кері әсері де келеді. Табиғат аясында қалдырылған қоқыс, пластик бөтелкелер, пакеттер мен тұрмыстық қалдықтар қоршаған ортаға жылдар бойы зиянын тигізіп келеді.

Аумақты тазарту мақсатында экологиялық акцияға мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, еріктілер, жастар, жергілікті қауымдастық өкілдері және бейжай қарамайтын аудан тұрғындары қатысты.

Іс-шараны ашқан Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев Каменное көлінің облыстық маңызы бар мемлекеттік ботаникалық табиғат ескерткіші екенін айтып, оған ерекше ұқыптылықпен қарау қажеттігін айтты.

blank

 

– Өкінішке қарай, кейбір адамдар демалғаннан кейін қоқыстарын осында қалдырып кетеді және табиғатқа қаншалықты зиян келтіріп жатқанын ойламайды. Бұл жерге келген әр адам тазалық өзімізге байланысты екенін түсінсе деймін. Каменное көлі – келер ұрпаққа аман жеткізуге тиіс ортақ байлығымыз, – деді аудан әкімі.

Бар болғаны бір сағат ішінде акция қатысушылары төрт мың шаршы метрден астам аумақты тазартты. Жиналған қоқыс арнайы техникамен орталықтандырылған түрде шығарылды.

blank

 

Заречный ауылдық округінің әкімі Нұрлан Кузайбин Каменное көлін абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын баян етті.

– Жыл сайын жергілікті қауымдастықпен, мектеп оқушыларымен, жастармен және еріктілермен бірге осында экологиялық акциялар өткіземіз. Биыл сәуір айынан бері көл аумағынан шамамен 40 текше метр қоқыс шығарылды. Бірақ ең бастысы – тек қоқысты жинау емес, адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгерту. Аудан тұрғындары мен қонақтары демалыстың мәдениетті әрі жауапты болуы керектігін түсінсе дейміз, – деді ол.

Қостанай ауданы әкімінің тапсырмасымен жуырда демалыс аймағына қоқыс контейнерлерін орнату жоспарланып отыр.

– Қазір оларды вандализмнің алдын алатындай етіп орналастыру жолдарын қарастырып жатырмыз. Егер екі контейнер жеткіліксіз болса, олардың санын көбейтеміз. Қоқыс шығару жұмыстары да тұрақты ұйымдастырылады, – деп қосты Нұрлан Кузайбин.

Айта кетейік, округ әкімінің айтуынша, жуырда Каменное көлінде демалып жүрген екі адамға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша ескерту жасалған. Бұл бап қалалар мен елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзуға, инфрақұрылым нысандарын бүлдіруге, жасыл желектерді жоюға немесе зақымдауға қатысты қолданылады.

blank

Аталған бапқа сәйкес:

  • жеке тұлғаларға – 20 АЕК (86 500 теңге);
  • шағын бизнес субъектілеріне – 30 АЕК (129 750 теңге);
  • орта бизнес субъектілеріне – 40 АЕК (173 000 теңге);
  • ірі бизнес субъектілеріне – 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері арта түседі.

Құқық бұзушылықтарға мыналар жатады:

  • қоқысты белгіленбеген орындарға тастау;
  • қалдықтарды контейнерден тыс жерге жинау;
  • қоғамдық аумақтарды ластау;
  • жасыл желектерге зиян келтіру;
  • іргелес аумақтарды уақытылы тазаламау.

Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабына сәйкес, қалдықтарды сақтау немесе өртеу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау да айтарлықтай айыппұлдарға әкеледі. Жеке тұлғалар үшін айыппұл 20 АЕК немесе 86 500 теңгені құрайды. Лауазымды тұлғаларға – 50 АЕК (212 625 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 200 АЕК (865 000 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК (1 297 500 теңге), ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК (2 162 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

blank

Қостанай аудандық мәслихатының төрағасы Марат Сартов мұндай экологиялық акциялардың саны арта түсуі керек деп есептейді.

– Сенбіліктер тұрақты өткізілгенімен, мұнда қоқыс әлі де өте көп. Бұл кейбір адамдарда қарапайым экологиялық мәдениеттің жетіспейтінін көрсетеді. Біз табиғаттың сұлулығына сүйсінгенді жақсы көреміз, бірақ оны қорғауға әрдайым дайын бола бермейміз. Әр адам демалғаннан кейін артынан қоқыс қалдыруға болмайтынын түсінуі тиіс. Өзім отбасыммен табиғат аясына шыққанда, қосымша қаптар алып жүремін және барлық қалдықты өзіммен бірге алып кетемін. Мұндай әдеттер бала кезден – тәрбие, ата-ананың үлгісі және қоршаған ортаға құрмет арқылы қалыптасуы керек, – деді ол.

Бұл пікірмен Қостанай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Серік Лашенов де келіседі.

– Мен экологиялық акцияларға жиі қатысамын және көп нәрсе адамдардың өзіне байланысты екенін көремін. Сенбілікті апта сайын өткізуге болады, бірақ демалушылар табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйренбесе, мәселе қайта туындай береді. Бүгінгі акцияға жастардың көп келгені қуантады. Дәл осындай шаралардан экологиялық сана мен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік басталады, – деді ол.

Шаршағандарына қарамастан, акция қатысушылары көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Өйткені бір сағаттық бірлескен еңбектің арқасында ауданның ең көрікті жерлерінің бірі әлдеқайда таза бола түсті.

blank

Экологиялық акция жылы әрі достық атмосферада аяқталды. Барлық қатысушыларға Заречный ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен дайындалған хош иісті палау мен бауырсақ ұсынылды. Осындай сәттерде туған жердің тазалығы ортақ іске жұмыла алатын жанашыр адамдардан басталатыны ерекше сезіледі.

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
Қостанай ауданы