Тәрбиеге толы тағылымды кездесу

Тәрбиеге толы тағылымды кездесу

Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің мүшелерімен кездесу А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде жалғасты. Меймандар өңірімізге «Туған жерге тағзым» сапары аясында арнайы келген болатын. Тағылымды кездесу қонақтары – ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, ілеспе аударманың негізін қалаушы Камал Әлпейісова мен жерлесіміздің шашбауын көтеріп келген үзеңгілес сіңлілерінің бірі, Qonaev Media телеарнасының бас продюсері, журналист Қымбат Досжан.

Оқу ордасының басшылығы, ұстаздар құрамы, студенттер және БАҚ өкілдерінің қатысуымен болған жүздесу ашық диалог форматында өтті.

Кездесуді университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Сейітбек Қуанышбаев ашып, келген қонақтардың өңір үшін орны ерекше екенін атап өтті.

– Бүгін облысымызға келген қадірлі қонағымыздың бірі – жерлесіміз, Амангелді ауданының тумасы Камал Әбілқасымқызы. Қоғам қайраткері Арқалық қаласында білім алып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыды. «Лениншіл жас» газетінде еңбек етіп, кейін республикалық деңгейдегі басылымдарда қызмет атқарды. Бұған дейін Амангелді ауданында, Арқалық қаласында кездесулер өткізіп, бүгінгі жүздесу облыс орталығында жалғасып отыр, – деді ректор.

Оқу орны басшысы қонақтардың иығына шапан жауып, әсем гүл шоқтарын сыйлады.

blank

Іс-шара басында облыстық «Қостанай таңы» газетінің Директор-Бас редакторы Кенжеш Аманова қонақтарға құрмет көрсетіп, жүрекжарды лебізін білдірді.

blank

— Қаншама қазақ қыздарын Торғай өңіріне әкеліп, шаңырақ көтертіп жатқаныңызға алғыс білдіреміз. Қостанай жерінде сіздерді қарсы алу – біз үшін үлкен қуаныш. Қоғамдық ой-сана мен рухани құндылықтарды дәріптеудегі еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз, — деді ол.

blank

Кездесу барысында Камал Әлпейісова ұлттық құндылықтар, қыз тәрбиесі, отбасы институты және қазақы салт-дәстүрдің қоғамдағы орны жайында жүрекке жететін әсерлі әңгіме өрбітті. Әсіресе, оның «төркіндеу» дәстүрі туралы айтқан ойлары көпшіліктің көңілінен шықты. Төркіндеу – жатжұрттық қыз баласының бір әулетті көгертіп, көбейтіп қана қоймай, елге еңбегі сіңіп, қалың көпшілікке қызмет етіп, төркінінің мерейін өсіріп, жеткен жетістіктерімен бөлісу, нағашы-жиен қауыштыру, тағзым ету – жаңғыртуға тұрарлық игі дәстүр. Қыз ғұмырмен қоштасудан бастау алатын жар, келін, ана, әже кезеңдерінің мазмұнды, баянды өтуіне жетелейтін, қол бұлғайтын, шақыратын салтты санада сақтап, жадыда жаңғырту, жақсы ғұрыпты жалғау аманатын келесі буынға жеткізу міндет. Бұл елдік үшін қажет екенін айтты.

blank

– Өз еліңе төркіндеп келу – көп қыздың басында бола бермейтін бақыт. Біздің Аналар кеңесі ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытында жұмыс істеп келеді. Төркіндеу – ұзатылған қыздың мерейін өсіретін ерекше дәстүр. Бұл – жай ғана қонаққа келу емес, қыздың елге сіңірген еңбегін, қандай тұлғаға айналғанын көрсету. «Өнегелі болыңдар, білімді болыңдар, осы жол сендерге де бұйырсын» деген астарлы ой жатыр мұнда. Сонымен қатар бұл салт – отбасылық өмірдегі әйелдің орны мен қасиетін ұғындыратын тәрбиелік мәні зор дәстүр, – деді Камал Әбілқасымқызы.

blank

Ол Қостанай өңіріне бұрын да келгенін еске алып, бұл жолғы кездесудің ерекше әсерлі болғанын жеткізді.

– Мен Қостанайға 2018 жылдың қараша айында шығармашылық кешпен келгенмін. Сол кезде көрермендер «Қашан қайта келесіз?» деп сұрап еді. Биыл 70 жасқа толдым. Амангелдіде өлең оқып тұрып:

«70-ке келдім, туған, беттегі әжім,

Шаштағы ақты жасыра алмайды жасырын.

Менің еліме еркін келуге құқығым бар», – деп айттым. Расында, туған жерге еркін келудің өзі – адамға ерекше күш береді, – деді ол тебіреніспен.

Камал Әлпейісова өзінің авторлық кітаптарын таныстырды. Атап айтқанда, 4-8 жас аралығындағы балаларға арналған ертегілер жинағы, мектеп оқушыларына арналған IELTS сөздігі және көпшілік назарын аударған «Қайтсек ұрпақ өседі өрелі боп» атты кітабы жайлы кеңінен айтып, аталған еңбектерін университет кітапханасына табыстады.

blank

Ал белгілі журналист Қымбат Досжан қазіргі медиа саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, бүгінгі жас журналистер арасындағы басты мәселелердің бірі – медиасауаттылық екенін атап өтті. Қазіргі таңда кейбір жастар мақалаларды жасанды интеллект арқылы жазуға бейімделіп барады. Бірақ бүгінгі жас журналистердің өздері де сапалы мақала жазуға, өзіндік стиль қалыптастыруға толық қабілетті деген ойын жеткізді Қымбат Досжан.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер мен оқытушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Журналистика кафедрасының аға оқытушысы Гүлшат Марқабаева қазіргі дикторлардың кәсіби деңгейі туралы пікір сұраса, студенттер жасанды интеллектінің журналистика саласына әсері жайлы сауалдарын жолдады.

blank

Меймандарға ақын, жазушыларымыз Серікбай Оспанов пен Абылай Маудановтың жаңадан шыққан кітаптары табысталды. Бұдан бөлек, облыстық журналистер одағының Қостанай филиалының атынан «Баян Сұлу» фабрикасының тәттілері мен арнайы естелік сыйлықтары ұсынылды.

ШҰҒА ҚОҢҚАБАЙ