Халықтық «Қазына» ардагерлер хоры Арқалық қаласының 70 жылдығына арнаған мерекелік концертін ұсынды.
2005 жылы қалалық ардагерлер ұйымын ұзақ жылдар бойы басқарған Кәки Шәріпұлының ұйымдастыруымен алғаш рет «Қазына» хоры құрылған болатын. Мінеки, сол ұжым жиырма жылдан астам уақыттан бері халыққа үздіксіз мәдени — тұрмыстық қызмет көрсетіп келеді.

Хордың жанында ҚР Мәдениет қайраткері Бораш Әбенов жетекшілік ететін ұлт — аспаптар ансамблі, Арқалық қаласының құрметті азаматы Бақытжамал Аяғанқызы жетекшілік жасайтын «Асыл әжелер» ансамблі жұмыс істейді.

«Қазына» халықтық хоры үнемі қала әкімдігінің қамқорлығына бөленіп отыр десек артық айтқандық емес. Өткен жылы ұжым мүшелері Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейлі мерейтойына байланысты арнаулы экскурсияға шығарылып, Міржақып атамыздың туған елі Қызбел өңіріне барып, Торғайдағы музейлермен танысып, Амангелдідегі туристік кешенді тамашалап, сондай бір үлкен саяхатқа шығып келді. Оған мемлекеттік тапсырыспен қала әкімдігінен арнаулы қаржы бөлінді.

Хор тек Арқалық қаласында ғана жылма жыл есептік концертін беріп қоймай, сонымен бірге Амангелді, Жангелдин аудандарында, Наурызым, Алтынсарин, Ақмола облысының Жарқайың аудандарына барып, өздерінің өнерлерін халыққа көрсетіп, Қостанай қаласы халқының да ілтипатына бөленген ұжым»,-дейді Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мемлекеттік қызмет ардагері Түбекбай Әубәкіров.

Ұжымның құрамында отызға жуық адам бар. Әр аптаның сейсенбі, жұма күндері өздерінің еркімен келіп, хор мүшелері дайындықтарын өткізіп отырады.

«Бұл кісілердің еңбегіне тәнтімін. Себебі, ешқандай қаражат алмай өздерінің ерік-жігерімен тіпті қыстың көзі қыраудың өзінде бір күн хордың дайындығын қалдырмай келіп отыруының өзі үлкен жауапкершілік деп түсінемін.

Бүгін зал лық толды. Бұл да болса біздің хор ұжымына деген халықтың ілтипаты білеміз. Сондықтан, қала халқына, ардагерлерін құрметтеген іні-қарындастарымызға ардагерлер ұйымы атынан, хор мүшелері атынан өзімнің үлкен алғысымды білдіремін»,-дейді ардагерлер ұйымының басшысы Түбекбай Ғапсалықұлы.
Мерекелік концертте ардагерлер әнді де әуелетті, күйді де күмбірлетті. Көркемсөз оқып, сахналық қойылымға да кезек берді.
Гүлнұр Баяхметова,
Халықтық «Қазына» ардагерлер хорының жетекшісі:
«Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Үмітімізді ақтады. Үлкен кісілердің алды 85 жаста. Арнайы музыкалық білімдері болмаса да бар ынтасын салғандары көңіл қуантады. Ардагерлеріміздің баршасына оңтайлы сәтті пайдаланып, алғысымды білдіремін»
Концерт соңында ардагерлерге қала әкімінің ықылас гүлі тарту етіліп, қала әкімінің орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы жылы лебізін білдіріп, қала әкімінің Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті.
МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ
