ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: жаңа оқу жылындағы жұмыс бағыттары мен перспективалар

ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: жаңа оқу жылындағы жұмыс бағыттары мен перспективалар

Бүгін Қостанайда өңір басшысының қатысуымен облыс педагогтерінің Тамыз кеңесі өтті.

Соңғы үш жылда салаға бөлінген қаржы көлемі 23,5% өсіп, 176,6 млрд теңгеден 218,2 млрд теңгеге жетті. Екі жыл ішінде 3360 орындық 5 мектеп пен 1917 орындық 12 балабақша салынды. Жыл соңына дейін 4380 орынға арналған тағы 6 мектеп ашу жоспарда бар. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстық тамыз кеңесінде айтып өтті.

«Бүгін біз өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа оқу жылына арналған міндеттерді айқындадық. Облыстың білім беру ұйымдарында 166 мыңнан астам бала білім алып, 20 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Әрбір жаңа мектепті білікті педагогтермен қамтамасыз ету қажет. Білім басқармасына және аудан мен қала әкімдеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын толық аяқтауды, жылыту маусымын ұйымдастыруды тапсырамын», – деді облыс әкімі.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі өңірлік экономикамен тығыз байланыста дамып келеді. Бүгінде 21 жаңа мамандық ашылып, ALLUR, KamLit, KIA зауыттары үшін де мамандар даярланып жатыр. Алғашқы түлектер білікті маман атанып, жұмысқа орналасу деңгейі жүз пайызға жақындаған. Бүгінде жаңа өндірістерге мамандар даярланып келеді. Атап айтқанда, сүт-тауарлы фермаға, мырыш оксидін өндіретін зауытқа, «ССКӨБ» АҚ-на, «Маятас» кен орнындағы комбинатқа 14 мамандық бекітілген.
Әкім осы тұста облысымыз үшін ең маңызды бағыттарға тоқталды.blank

«Бүгінгі таңда білім мен технология тез өзгеріп жатқан кезде елдің болашағы білім сапасына тікелей байланысты. Мұндағы басты тірек – педагогтардың кәсібилігі мен дамуы. Біздің жерлесіміз, көрнекті ағартушы А. Байтұрсынов айтқандай, «мектептің жаны – мұғалім, мұғалім дегеніміз – мектеп». Сондықтан біз педагог мәртебесін нығайтуды жалғастырамыз. Жалақылар мен үстемеақылар, студенттердің стипендиялары өсіп келеді. «Алтын белгі» иегерлерінің көбі педагогикалық мамандықты таңдайды. Бұл оны шынымен беделді етеді», – деді Құмар Ақсақалов.

Екіншіден, білім беру ісі тәрбие жұмысымен қатар жүруі маңызды. Балалардың бойында дұрыс құндылықтар мен азаматтық ұстанымды қалыптастыру басты міндет.«Адал азамат» жобасы арқылы біз адал, жауапты, отансүйгіш ұрпақты тәрбиелеуіміз керек.

blank blank

Бұл міндетті «Таза Қазақстан» жобасы толықтырады. оқушылар қалалар мен ауылдарды көркейтіп, өз қатарластарына үлгі көрсетіп жүр. Қосымша білім беру де айрықша назарды қажет етеді. Екі жыл бұрын біз «I-Qostanay» SMART-орталығын аштық, биыл Тобыл қаласында Балалар шығармашылық үйі іске қосылды. Бұл бастамалар үйірмелер мен секцияларды ашу арқылы балаларға әртүрлі бағытта қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріп жатыр. Мектептердің міндеті – жүйелі жұмыс құрып, балаларды кітап оқуды сүйуге және алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету. Үшіншіден, балаларды қорғау үшін қауіпсіз орта құру маңызды. Әр бала мектепте өзін қорғалған сезінуі керек.

«Биыл қауіпсіздікке 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Ол мектептерді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау мәселесін толығымен жабуға мүмкіндік берді. Енді мектептердің сенім мен өзара құрмет кеңістігіне айналуы маңызды. Президенттің тапсырмасы бойынша біз балаларды қорлау мен агрессиядан қорғауға көмектесетін буллингке қарсы бағдарламасын іске қосып жатырмыз», – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс басшысы жасанды интеллектті енгізу бағытын да ерекше атап өтті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша біз жасанды интеллектті оқытуға енгізе бастаймыз. АИ «цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерімен интеграцияланады, оқушылар онлайн-курстардан өтеді. Осы бағытта тәлімгерлік пен біліктілікті арттыру арқылы педагогтерді дамыту жобасы жұмыс істейді. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап 7 мектепте Астана Хаб қолдауымен бағдарламалау бойынша оқыту жүргізілуде. Осы бағдарламаны қамтуды кеңейту қажет. Апробация қорытындысы бойынша барлық пилоттық жобаларды облыс мектептеріне масштабтауды тапсырамын», – деді әкім.

Құмар Ақсақалов келер жылғы Ыбырай бабамыздың мерейтойына дайындық барасын сөз етті. blank

«Біз – Ыбырай Алтынсарин салған ұлы жолдың мұрагерлеріміз. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деген өсиеті бүгін де әрқайсымызға бағыт береді. Алдағы жылы ұлы ағартушының 185 жылдығын атап өтеміз. Бұл – өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қадам басудың үлкен мүмкіндігі. Сондықтан біздің басты парызымыз – әрбір баланың жүрегіне білімге деген құштарлық пен елге деген сүйіспеншілікті дарыту», – деді әкім.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі аппаратының басшысы Тимур Әбілмәжінов өз бандамасында басты бағыттар және стратегиялық мақсаттар мен міндеттермен бөлісті.
«Тәрбие мен білім берудің маңызды кезеңдерін айқындайтын бұл басқосу, өткенді саралап, келешекке нақты қадамдар жасайтын маңызды алаң. Мемлекет басшысы білім беру жүйесінің тұрақты дамуына, педагогтердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға және олардың еңбегін жоғары бағалауға айрықша көңіл бөліп келеді. Соның айқын дәлелі ретінде 15 тамызда Астанада өткен республикалық Тамыз конференциясына Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі қатысып, білім саласындағы маңызды мәселелерге тоқтап нақты 5 міндетті айқындады. Өз сөзінде Президент білім сапасын жақсарту, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жоғары деңгейде іске асыру, өскелең ұрпақтың санасына «Заң мен тәртіп» қағидатын сіңіру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; жасанды интеллектіні енгізу, ұстаз құқығын қорғау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы айқындаған тапсырмаларды жүзеге асыру білім беру жүйесін дамыту жолындағы ортақ борышымыз, әрбір педагогтің жауапты міндеті», – деді Тимур Әбілмәжінов.

Білім беру жүйесі балабақшалардан басталады десек, бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 93% — ға жетіп отыр. Жыл соңына дейін осы көрсеткішті 95% — ға дейін жеткізу жоспарланып келеді. Өткен жылы басталған ваучерлік қаржыландыру пилоты кезектің 44% — ға қысқарғанын, ал бюджеттік үнемдеу шамамен 8 млрд теңгені құрағанын көрсетті. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыру мақсатында «Беске дейін үлгер» және «Тілге бойлау» пилоттық жобалары табысты іске асырылды. Қыркүйек айынан бастап олар барлық балабақшаларға кеңейтіледі. Орта білім беруде, соңғы алты жылда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен 1 млн-нан астам оқушы үшін 1200-ге жуық білім беру нысаны салынды. 2022 жылдан бастап 4000-нан астам мектеп жаңғыртылды. Биылдан бастап 1300 мектепті жаңарту жұмыстары басталды. «Келешек мектебі» заманауи 217 мектептің құрылысы аяқталуда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 4 есеге, апатты мектептер саны 2 есеге қысқарды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды, мұғалімдердің жалақысы 4 жылда 2 есеге өсті, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы, «Адал азамат» Бірыңғай тәрбие бағдарламасы және білім беру саласының серпінді дамуына ықпал ететін басқа да ауқымды бастамалар іске асырылуда. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау назардан тыс қалмайды.
Қазір облыста 486 мектепке дейінгі ұйым бар, онда 28 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.Облыс орталығы ваучерлік қаржыландыруға көшті. Бұл ата-аналарға балабақшаға таңдауға мүмкіндік береді, ал балабақшаларға өз ресурсын тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап 6577 әлеуметтік әлсіз отбасылардың балалары тегін тамақпен қамтылды. Ал балабақшаға бармайтын балалар үшін 254 кеңес беру пункті жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева әлі де шешілмей тұрған мәселелердің бар екенін айтты.blank

«Дегенмен, жоспарлы түрде шешілуі керек міндеттер бар. Біріншіден, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды 2026 жылы жоспарлы 97,4%-ға дейін жеткізу керек, екіншіден, Қостанай, Рудный, Арқалық және Қостанай аудандарында кезектерді жою, үшіншіден, кадр құрамын нығайту қажет. Ақпараттық кеңістікте балаларға жол берілмейтін қарым-қатынас туралы алаңдатарлық хабарламалар жиі кездеседі. Бұлай болмауы керек-біз мұндай жағдайларға нөлдік төзімділікті ұстанамыз және әр баланың қамқорлық пен құрмет атмосферасында болуын қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтеміз», – деп атап өтті Айман Ибраева.

Біздің облыста 111 мыңнан астам бала контингенті бар 436 күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Олардың барлығы заманауи білім беру ресурстарын пайдалану үшін жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Маңызды міндеттердің бірі – балаларды сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз ету. Мәселен, 124 мектепте «әлеуметтік әмиян» жүйесі, контингенті 700 адамнан кем 308 мектепте – «Бизнес әмиян» сервисі жұмыс істейді. Бұл тегін және жеңілдетілген тамақтануды анық және ашық ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Балаларды тасымалдау мәселесі бөлек тұр. Ол үшін 142 автобус тартылып, автопарктің бір бөлігі ескірген. Осыған байланысты жыл соңына дейін лизингке тағы 14 бірлік автокөлік сатып алынады, бұл оқушылардың ыңғайлы тасымалы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
«KIA Qazaqstan» бас директоры Ким Де Ки мырза және Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Иванович Павленко өңір экономикасын дамыту үшін сұранысқа ие мамандарды даярлау бойынша жетекші кәсіпорындар мен колледждердің әлеуметтік әріптестігі мен өзара іс қимылының өзекті мәселелері жөнінде баяндады.
«Адал азамат» бағдарламасын іске асыру тәжірибесімен Қостанай қаласының № 28 мектеп-гимназиясының директоры Жансая Бахытбекқызы Исмаилова бөлісті.

Жұмысшы мамандықтары жылына және «Адал азамат» бағдарламасының іске асырылуына орай ұйымдастырылған көрме педагогтердің үлкен қызығушылығын тудырды.

blank blank
Кеңес әдеттегі дәстүр бойынша педагогтерді марапаттаумен жалғасты.

blank

blank blankblankblank«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағымен Қостанай қаласының құрметті азаматы Беген Қаженұлы Көпеш марапатталды, педагогикалық еңбек ардагеріне марапат жеке табыс етіледі.
4 педагогке «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, 25 педагог облыс әкімінің грамотасына ие болды.blank blank«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Үздік мектеп ауласы» облыстық конкурсының жүлдегерлері ақшалай сертификаттармен марапатталды. 3 орынды иеленген Әулиекөл ауданының Ш. Шаяхметов атындағы Сұлукөл орта мектебі 200 мың теңге, Қостанай қаласының № 19 ЖББМ күміс жүлдегер атанып 300 мың теңге жеңіп алды. Конкурс жеңімпазы атанған Қарабалық ауданының Абай атындағы ЖББМ директорына 500 мың теңгеге сертификат табыс етілді.
Сарыкөл ауданының білім бөлімі «Ауданның үздік білім беру жүйесі» номинациясы бойынша және Қостанай қаласының білім бөлімі «Қаланың үздік білім беру жүйесі» номинациясы бойынша рейтингтік бағалаудың жеңімпаздары және 5 млн теңгеге сертификат иегерлері атанды.blankМарапаттау рәсімі «Орта білім берудің үздік ұйымы» жеңімпазы — Бейімбет Майлин ауданының Сапар Ерғалиев атындағы жалпы білім беретін мектебіне және «ТжКБ үздік ұйымы» конкурсының жеңімпазы — Қостанай жоғары политехникалық колледжіне 68 миллион теңгеге екі сертификат табыстаумен аяқталды.blank

Айбек ЖҮЗБАЙ,

Суреттерді түсірген — Айдана МАРАТ