Су тасқынынан зардап шеккендерге 15 мамырға дейін барлық өтемақы төленеді

Су тасқынынан зардап шеккендерге 15 мамырға дейін барлық өтемақы төленеді

Өңірде су тасқыны толық тұрақталды. Бұл туралы бүгін өткен кеңесте облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, табиғи апат кезеңінде облыс бойынша 9 мыңнан астам адам эвакуацияланған. 20-дан астам ірі елді мекен су тасқынынан құтқарылды.

Қостанай ауданында жүргізілген жұмыстың арқасында Тобыл өзені мен жақын маңдағы елді мекендерге қауіп сейілді.

Тасқын кезінде облыс бойынша барлығы 850,5 мың м3 су сорылды. Дегенмен, өңірде коммуналдық және көлік инфрақұрылымы көп зардап шекті. Мәселен, 37 елді мекенде электр қуаты болмады. Бүгінде 12 елді мекенде ғана жарық жоқ. 12 елді мекенмен көлік қатынасы үзілді. Қазіргі уақытта апат зардаптарын жою белсенді түрде қолға алынған. Көптеген тұрғын үй суға малшынды. Мыңға жақын мал қырылды. Мүлік шығыны да шаш-етектен келеді.

“Су тасқыны кезеңінде 950-ден астам мал өлді. Зиянды өтеу малдың орташа нарықтық құнымен төленеді. Өтемақы төлеу жұмыстары жақында аяқталады. Облыста барлығы 354 үйді қалпына келтіруге жарамайды. Бүгінгі таңда Арқалық қаласында 30 пәтер сатып алынған. Оған Үкімет резервінен 405 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, зардап шеккен азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек төлеу жүріп жатыр. Қабылданған өтініштер негізінде әрбір зардап шеккен отбасына 100 АЕК мөлшерінде көмек төленеді”, – деді облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов.

Қазіргі уақытта әлеуметтік көмек төлеуге 1816 өтініш келіп түскен. Оларға 640 млн теңгеден астам жәрдемақы төленіпті.

“Заң бойынша төтенше жағдай жарияланған 30 күн ішінде өтінімдер берілетіні түсінікті. Содан кейін 30 күн ішінде өтеуге уақыт бар. Бірақ, уақытты созудың қажеті жоқ. Барлық процестерді жеделдету керек”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі 15 мамырға дейін су тасқынынан зардап шеккендерге тиісті ақшаны төлеуді тапсырды. Оған қаржы жеткілікті.

 

Естеріңізге сала кетейік, алапат су тасқынынан Қостанай, Арқалық қалалары мен Аманкелді, Жанкелдин, Қостанай және Қарасу аудандарында төтенше жағдай жарияланған еді. Толығырақ газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу