Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов көктемгі су тасқыны кезінде халыққа жәрдемдескен еріктілерді марапаттарды табыс етті.
«Биылғы көктемде болған табиғи апат Арқалық қаласы бойынша жүздеген адамның үй-жайына зиянын тигізіп, мал-мүлкін шығынға ұшыратты. Осындай төтенше жағдай кезінде түрлі сала өкілдері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тасқын су зардабын көрген тұрғындарға сан түрлі көмек көрсетті. Қиын жағдайда қарап қалмай, азаматтық ұстанымдарыңызды танытып, табиғи апаттың салдарын жоюға белсенді атсалысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін»,– деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Еріктілер су тасығалы бері мотопомпамен су сорып, қапшыққа құм салып үйлердің іргесін бекітуге көмектесті. Жан-жақтан келген гуманитарлық көмектерді штабқа түсіріп, жинап, сұрыптап, отбасыларға тасуға жәрдемдесті.
«Еріктілердің марапатталып жатқаны біз үшін қуанарлық жайт. Осы кезге дейін 100-ге жуық ерікті зардаптарды жоюға көмектесті. Қазіргі таңда соның 50-і марапатталды. Қалғанын таяуда тағы марапаттайтын боламыз», – дейді Арқалық қалалық ішкі саясат бөлімі жанындағы Жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қуанышұлы.
Нұрсая Қайратқызы,
ерікті:
– Су тасқынында зардап шеккен адамдарға күн демей, түн демей көмектестік. Арқалық политехникалық колледжі тарапынан өте көп көмектер болды. Студенттер әр фуралар келген сайын заттарды түсіріп, қоймаға жинақтап, мұқтаж отбасыларға таратып отырдық.
Азамат Отарұлы,
мешіт қызметкері:
– Көктемгі су тасқынына байланысты болған еліміздегі апатты жағдайда волонтерлар уақытпен санаспай еңбек етті. Қала әкімі еңбектерін ескеріп марапаттап жатыр. Әмірхан Біркенұлына алғысымызды білдіреміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бұл жағдай енді қайталанбасын. Жастарымызға береке – бірлікте болуды Алла нәсіп етсін.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы