Биыл Қостанайда 22 көп пәтерлі тұрғын үй бой көтереді

Биыл Қостанайда 22 көп пәтерлі тұрғын үй бой көтереді

Оның жетеуі бюджет қаржысы есебінен салынады. Қала аумағында 2500 гектар жалпы алаңға егжей-тегжейлі жоспарлаудың 21 жобасы және төрт құрылыс жобасы әзірленіп, бекітілген.

Қаладағы Л.Беда – Абай даңғылы – Павлов – Гоголь – Тобыл – Красный Кузнец көшелерінің аумағында білім беру ұйымдары салынады. Яғни, 320 орындық екі балабақша, 1200 орындық екі мектеп бой көтермек. Мектептің бірі “Нариман” базары орнына тұрғызылады. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Гүлсара Құрманғалиева қазір есептеу жүргізіліп жатқанын атап өтті.

“Бұдан басқа, шағын ауданды үздіксіз электрмен жабдықтаумен қамтамасыз етуге және “Южная” электр станциясына жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін қосалқы станция салу жоспарланып отыр. Қаланың келбетін бір қалыпқа келтіру үшін сәулет бөлімі дизайн код әзірледі. Жобада қасбеттердің түсі мен безендірілуі, элементтердің дизайны, абаттандыру және жарнамалық құрылымдарға арналған тұжырдама қарастырылған. Жарнама орналастыратын агенттіктер қасбеттердің жай-күйін, үйлесімділігін ескеру керек.  Сондай-ақ, барлық меншік нысандарындағы коммерциялық үй-жайлардың иелері бекітілген дизайн кодқа сәйкес сыртқы түрін бірыңғай архитектуралық стильге келтіруді талап етеді. Мысалы, “БУМ” сауда үйінің иесі ғимараттың қасбетін сәулеттік шешімге икемдеп, эскиздік жоба әзірлейді”, – деді Гүлсара Құрманғалиева.

Тұрғындардың кедергісіз өтуі үшін Баймағамбетов-Алтынсарин көшесі қиылысындағы Победа көшесінің бойындағы сауда павилондары алынып тасталды. Ол көшеде темірбетон бағандар ауыстырырылып, жерасты жарықтандыру кабельдері жүргізіледі. Тротуардың жабындысы жаңарады.

“Айта кету керек, нысандары салар алдында немесе өзгертер кезде рұқсат беру құжаттын алу керек. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмай, эскиздік жобаны келіспей, жобалау-сметалық құжаттамаға сараптама жасамай және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарын хабардар етпей іске кірісуге тыйым салынады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде құрылыс салушылар алаңдарында, оның ішінде оларды жер учаскелерінің шекараларында периметрі бойынша қоршау жолымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды сақтауы талап етіледі”, – деді ол.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу