Су тасқынына қарсы қам: дайын да отырмыз, уайым да жоқ емес

Су тасқынына қарсы қам: дайын да отырмыз, уайым да жоқ емес

Тасқынға тастүйін дайындық – қазір күн тәртібіндегі кезек күттірмес міндет. Қиыны – түйіні тарқамаған түйткілдер әлі де бар. Кейбір аудан-қалада қауіпсіздік шаралары толық жүргізілмеген. Бірінде бөгеттер аз, бар болса да сапасыз, енді бірі су өткізу жүйелері құрылысын соңына жеткізбепті. Оның үстіне жиырма шақты гидротехникалық нысанның олқы күйі алаңдаушылық тудырып отыр…

Биылғы болжамды су тасқыны кезеңіне дайындық аясында әр өңірде 88 іс-шара орындалған. Өзен арналары тазартылып, қорғаныс бөгеттері күшейтіліп, кәріз желілері, су өткізу арналары, гидротехникалық нысандар салынған.  Республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар тас жолдарда су өткізу жүйелері аршылып, 13 учаскеде осындай 38 құбыр орнатылыпты.

            «Облыс аумағын су тасқыны жағдайын бақылау үшін әуеден шолып ұшуға 119 млн теңге қаржы бөлінді. Ықтимал апаттың алдын алу және салдарын жою үшін 145 тоннадан астам жанар-жағар май, 5,5 мың тонна инертті материал, 264 мың дана ыдыс-қап қоры дайындалды. Зардап шеккен халыққа 27,1 млн теңгеге қырық тонна азық-түлік жеткізуді қамдайтын 167 ниет шарты жасалды. Қорда 92 шатыр, 4,5 мың төсек, 5,5 мың төсек-орын жиынтығы бар», – деп даярлық жайынан мәлімет берді ТЖД басшысының міндетін уақытша орындаушы Назарали Селимов.

Өңірде 2312 адамнан, 417 техникадан, 76 жүзу құралынан, 472 мотопомпадан тұратын көмек күші мен арнаулы құралдар әзірленіп отыр. Жедел әрекет ету үшін департамент 9 мобильді топ құрған. Олар алдын ала Арқалық қаласына, Жангелдин, Амангелді, Қарасу, Әулиекөл, Науырзым, Сарыкөл, Алтынсарин аудандарына орналастырылмақ. Әйтсе де, Назарали Селимовтың айтуынша,  түйткілді мәселелер де аз емес.

            «Қарабалық ауданы Қарабалық кентінде, Веренка және Тоғызақ ауылдарында габиондар орнату, Приречный ауылында қорғаныс бөгеті тұрғызылмаған, сондай-ақ «Тоғызақ–Бөрлі–Михайлов–Боскөл» аудандық маңызы бар автожол учаскесінде су өткізу құбырлары ауыстырылмады. Науырзым ауданы Буревестник ауылының батыс бөлігіндегі №2 бөгет қалпына келтірілмеген. Оның олқылығы төменде орналасқан №3 және №1 бөгеттерге тікелей қауіп төндіреді. Соған қарамастан, Науырзым ауданы әкімдігі бұл бөгетті гидротехникалық құрылыстар тізімінен алып тастау мәселесін көтеріп отыр, бұған жол берілмеуге тиіс», – дейді ол.

blankМұның сыртында, Арқалық қаласына қарасты Екідің ауылында жұмыстар атүсті орындалған. Қорғаныс бөгенінің ұзындығы жеткіліксіз, құрылыс қалдықтарынан жасалып, үйме топырақ пен қоқыс үйінділерінен түзіле салыпты. Ал Арқалық қаласына қарасты Әбдіғаппар хан ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар автожолдағы су тасқынынан бүлінген көпір қалпына келтірілмепті. Көпір астындағы темір-бетон конусы толық қираған. Бұл көпірдің шайылып, құлау қаупін тудырады.

            «Жангелдин ауданы А.Байтұрсынұлы ауылының шығыс бөлігінде, Жыланшық өзенінің арғы жағында орналасқан тұрғын үйлерді қорғайтын бөгет тұрғызылмаған. Саға ауылында Сарыөзен өзені жағалауымен салынған бөгетте үзіктер бар. Бұл өзен деңгейі көтерілгенде тұрғын үйлерді су басу қатеріне соқтыру мүмкін. Федоров ауданы орталығында «Айналма жол және су өткізу арналарын салу» жобалық-құндық құжаты шаруашылық тәсілмен және ішінара ғана іске асырылған», – деп олқылықтар тізбегін жалғастырды департамен өкілі.

blankҚарасу ауданындағы ахуал да аса мәз емес. Қарамырза және Жамбыл ауылдарына инертті материал (құм) алдын ала жеткізілмепті. Новоселов ауылында Кұндызды өзенін тазалау жұмыстары әлі аяқталмай отыр. Селимовтың мәлімдеуінше, осы өңірлердің арасында, жауын-шашынның, қардың мөлшерден көп түсуіне байланысты, Арқалық, Амангелді және Торғайда тұрғын үйлерді су басу қатері анағұрлым басымырақ болып отыр. Сондай-ақ ол 19 гидротехникалық нысанның олқы күйі алаңдаушылық тудырып отырғанын айтты. Ол тоғыз елді мекенге қауіп төндіреді.

            «Біздің ұсыныстарымыз мынадай. Аудан-қала әкімдері ықтимал су тасқынының белсенді кезеңі басталғанға дейін анықталған кемшіліктерді жоюға күш салуы керек. Қауіпке бетпе-бет келіп отырған әр елді мекенде инженерлік техниканың кезекшілігі алдын ала ұйымдастырылуға тиіс. Департаменттің күш құрылымдарын қабылдау үшін қаражат қарастырып, оларды жанар-жағар маймен, тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз ету мәселесі шешілуге тиіс», – деген талаптар қойды Назарали Селимов.

Ал облыстағы «Казгидромет» филиалының директоры Адель Ахметовтың ақпаратына сүйенсек, биыл су басу қаупіне өңірдің солтүстік және орталық аумақтарындағы қалың қар, тоңның тереңдігі себепші болуы мүмкін. Былтыр жаз-күз мезгілдерінде түскен және биыл наурыз-сәуір айында жиілеуі ықтимал жауын-шашынның әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Ол су тасқыны жағдайларының көп жылдық сараптамасына сүйене отырып, қауіп-қатерге душарласуы мүмкін өңірлерді нақтылай айтты. Бірақ оның болжамы ТЖД басшылығы ұсынған жорамалдан өзгерек.blank

            «Тасқын қаупі жоғары өңір – Қарасу ауданы. Ал Жітіқара, Федоров, Денисов, Меңдіқара, Қарабалық, Қамысты, Сарыкөл, Ұзынкөл, Майлин және Қостанай аудандарындағы болжам сын-қатердің орташа деңгейіне жатқызылып отыр. Ең төменгі деңгей Қостанай, Рудный, Лисаков қалаларына, Науырзым, Әулиекөл аудандарына және облыстың оңтүстік өңірлеріне тән», – дейді ол.

Ол облыс өзендерінің арнасынан асу ықтималдығына да болжам айтты. Топырақ ылғалдылығы мөлшерінің артуы және Ресей аумағында қар қорының көп болуы салдарынан Желқуар және Әйет өзендері бассейні көтерілуі мүмкін. Дегенмен облыс су қоймаларына көрші елден келіп құлайтын су көлемі 128-248 млн текше метрден аспайды делініп отыр. Ал бұл алдыңғы жылдағы ауқымнан әлдеқайда аз.

            «Болжамды деректерге сай, Жоғары Тобыл және Қаратомар су қоймаларының көп жылдық нақты көлемі биыл қарғын су қабылдауға тиімді көлемде. Артық суды ағызу қажеттілігі күн райы мен гидрологиялық жағдайға байланысты болмақ. Қажет болған жағдайда мұз қабатын жұқарту үшін ағызылатын су көлемін көбейту мүмкіндігі бар», – дейді «Қазақстан су шаруашылығы» филиалы директорының міндетін атқарушы Бақтияр Үсенов.

blankБұдан соң Арқалық қаласы, Амангелді, Жангелдин аудандарының басшылары су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Олар адыңғы жылғы алапат тасқыннан кейін олқылықтардың орны толтырылып, оқыс жағдайларға мейлінше даяр отырғандарын мәлімдеді…

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Басты сурет «Қостанай таңы» архивінен алынды