Бүгін Қостанай ауданы Еңбек ауылында 100 орындық мектептің ашылу рәсімі өтті.
Еңбек ауылының негізгі орта мектебі – ауылдық елді мекендердегі мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа білім беру мекемесі. Құрылысы 2022 жылдың шілде айында басталып, биыл аяқталып отыр.

Қос қабатты нысан құрылысына 1 220,753 млн теңге жұмсалды. Ауыл тұрғындарын көптен күттірген қуанышты бөлісуге облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барды.
«Бүгін бәріміз үшін көптен күткен ерекше күн! Біз жай ғана ғимарат емес, балаларымыздың білім алып, армандарына қадам жасайтын жаңа мектеп ашып отырмыз. Бұл – Еңбек ауылы үшін де, Қостанай ауданы мен бүкіл облысымыз үшін де үлкен қуаныш. Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктердің бастауы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен бұл нысан ауылдық аймақтардағы мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында салынды. Мектеп заманауи талаптарға сай және сапалы білім алуға толық мүмкіндік бар. Осы оқу ошағынан елін сүйетін, білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіп шықсын», – деп құттықтау лебізін айтты өңір басшысы.

Мектеп барлық заманауи білім беру стандартына сай жабдықталған. Мұнда жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай туғызатын материалдық-техникалық база соңғы үлгіге сай. Ғимаратта 14 оқу кабинеті, шеберханалар, мультимедиялық, бағдарламалық, интерактивті бөлмелер, медициналық бөлім, асхана, кең ауқымды спорт залы бар. 





Қазіргі таңда мектепте 77 оқушы білім алып жатыр. Оның ішінде сегіз бала мектепалды даярлық тобында тәрбиеленуде. Ұжымда отыз педагог жұмыс істейді.


«Ауылдағы бұрынғы мектеп ғимаратының әдбен тозығы жетіп, қабырғасы қақырап, ғимарат іші жылу ұстамай, оқу процесіне кедергі келтірген еді. Содан кейін өзім бастама көтеріп, министрлікке дейін ауылдастардың арыз-тілегін жеткізген едім. Оған да 15 жылдай уақыт өтіпті. Билік өкілдері өтінішімізге құлақ асып, ақырында жаңа мектеп салып беріп отыр. Қандай тамаша, қарасаң көз тоярлық. Іші кірсе шыққысыз. Өте қуаныштымыз. Ел тілегін орындаған азаматтарға алғыс айтамыз», – дейді ауыл ақсақалы, қоғам белсендісі Жақсылық қажы Жүнісов.
Өңір басшысы мектеп кабинеттерін аралап, мұғалімдермен және оқушылармен тілдесті. Білім теңізіне желкен түрген жаңа мектеп жарқын болашаққа жол ашсын деп тілегін айтты.







Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген — Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
