Бүгін — Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданында қоныс той. Жаңа ауданның жаңа тұрғындары облыс әкімі қолынан асыға күткен пәтер кілтін иеленді.
Баспана кезегін күткен тұрғындар осындағы №8, 9 және 10-шы көп қабатты үйлердің 43 пәтеріне қоныстанып отыр. Нақтысында, бір бөлмелі 10, екі бөлмелі 20 және үш бөлмелі 13 пәтер өз иелерін тапты.


Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындарды құттықтап, кілт табыстау рәсімін жүргізді.
«Біз бүгін қуанышты оқиғаға куә болып отырмыз. Жаңа ауданда 43 отбасы қоныс тойын тойлайды, — деді өңір басшысы. — Бұл шағын ауданда тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал ететін барлық жайлы жағдай жасалған. Мұнда балабақша, мектеп, аурухана, спорт нысандары, саябақтар мен «ақылды» жолдар пайда болады. «Астана» — жайлы, қауіпсіз және заманауи орта қалыптасатын үр жаңа аудан. Бұған дейін он үй, 450 пәтер салынды. Бес қабатты 13 үйдің құрылысы басталды. Алдағы уақытта тағы көп қабатты 16 үйдің іргетасы құйылады. Жалпы, 154 баспана бой көтеріп, 60 мыңнан астам адам үймен қамтылады. Алғашқы легі атанып отырған сіздер үшін ерекше қуаныштымыз».
Салтанатты рәсімде №8 үйден 15, №9 баспанадан 16 және №10 тұрғын үйден 12 пәтердің кілті иелеріне табыс етілді. 







Пәтерлер ауданы 45 пен 86 шаршы метр аралығында. Олар таза әрленген күйінде тапсырылады, барлық инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етілген және қоныстануға толық дайын.


Армандаған басыбайлы баспанасына қолы жетіп, қуанышы қойнына сыймай отырған тұрғындардың бірі — Темірғали Тасмағамбетов. Ол үй кезегіне «Жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тіркеліп, осы бір күнді 13 жыл күтіпті.
«Қаншалықты қуанышты екенімді тілмен айтып жеткізе алмаймын! Әйелім екеуіміз төрт баламызбен Тобыл қаласында көп жыл пәтер жалдап, біреудің босағасында өмір сүріп келдік. Бірақ мемлекеттік бағдарламаға үміт артық. Жетімдер тобында екенім ескеріліп, «Отбасы банк» маған 2%-дық жеңілдетілген несие ұсынды. Ол бойынша екі бөлмелі пәтер үшін айына 70 мың теңгедей төлеп отырады екенмін. Бұл жалдап тұрғаннан екі есе арзан. Мерзім — 16 жыл. Оңтайлы, оң жамбасыма келе қалды», — дейді Темірғали.
Оның шаттықты шаңырағына облыс әкімі арнайылай соғып, құттықтау лебізін айтып шықты. 



Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген — Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
