Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің студенті Гүлмайра Сағиданова жекпе-жек самбодан Қазақстан Республикасының әйелдер арасындағы чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, алтын жүлдені жеңіп алды.

Алтын қыз аталмыш оқу орнының «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 4 курсында оқиды.

«Бұл жеңіс – спортшы қызымыздың үздіксіз еңбегі мен табандылығының, ерік — жігері мен мықты мінезінің айқын көрінісі. Жарыс барысында шәкіртіміз қарсыластарымен өткен белдесулерде сенімді күрес жүргізіп, өз шеберлігін толық дәлелдеді. Ұтымды тактика мен жинақы дайындық нәтижесінде ол жарысты сәтті аяқтап, чемпиондық тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Студентіміздің бұл жетістігі оқу ордамыздың абыройын арттырып, жастарға үлгі боларлық маңызды нәтиже ретінде бағаланады. Алдағы уақытта да спорттық және білім жолында жаңа белестерді бағындырып, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз. Сондай-ақ, спортшының жеңісіне үлес қосқан жаттықтырушылар құрамына зор алғысымызды білдіреміз. Кәсіби қолдау мен жүйелі дайындық – үлкен табыстың берік негізі екені сөзсіз», – дейді жеңімпаз спортшының ұстаздары.

Біз де Гүлмайраны тамаша жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарда жаңа жеңістер, мол табыс және толағай жетістіктер тілейміз.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
