Университетте студенттерге арналған танымдық дәріс өтті

Университетте студенттерге арналған танымдық дәріс өтті

З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған танымдық дәріс өтті. Іс-шара ҚР Әділет министрлігінің «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды.

Дәрісті Қостанай облысы Әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжолова жүргізіп, Конституцияның қалыптасуы мен даму кезеңдеріне тоқталды. Ол еліміздің басты құжаты ретінде Ата Заңның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, мемлекеттік билік құрылымын айқындаудағы маңызын атап өтті.

 

– Қазақ хандығы дәуіріндегі «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның Жеті жарғысы» – халқымыздың заңға деген терең құрметін көрсететін айшықты мысалдар. Бұл дәстүрлер қазіргі Конституциямен сабақтасып жатыр. Заң үстемдігі – елдің тұрақтылығы мен болашағының кепілі, – деді Әлия Аманжолова.

Дәріс барысында жастардың құқықтық сауатын арттыру, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру және құқықтық мәдениетті нығайту жөнінде мазмұнды ойлар айтылды. Іс-шара соңында академик З.Алдамжар атындағы ҚӘТУ «Экономика және құқық» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сергей Жалыбин Ата Заңның мән-маңызына тоқталып, осындай басқосулардың жастарға берері мол екенін тілге тиек етті.

 

– Құқықтық тәрбие – біліммен қатар жүретін маңызды бағыт. Осындай кездесулер студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, заңға деген жауапкершілігін арттырады. Университетімізде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді, – деп алғысын білдірді.

Жаңалықтармен бөлісу