Адам құқығы мен бостандығы жөнінде ауқымды семинар-тренинг өтті

Адам құқығы мен бостандығы жөнінде ауқымды семинар-тренинг өтті

Қостанай облысының тұрғындары өздерінің құқығын біле ме? Құзырлы органдардың қызметіне көңілі толмай, әділдік таппаған адам тағы қандай ұйымдарға шағымдана алады? Еңбек қатынасынан туындаған дау-дамайды қалай шешуге болады? Зорлық-зомбылықтың немесе адам саудасының құбаны болсаңыз қайдан көмек сұрау керек? Осы және өзгеде өзекті мәселелер «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында өткен оқыту семинар- тренингінде талқыланды.         

Алдымен Семинар-тренинг тыңдаушыларының алдында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов сөз сөйледі. Облыс әкімінің орынбасары Қостанай облысында Адам құқықтары мәселесіне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

“Өңірде Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен қола алынған “заң мен тәртіп” тұжырымдамасына енгізілген әділ мемлекеттің негізгі қағидаттарын іске асыру жүйелі жүргізілуде. Облыста адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты белсенді жұмыс істейді. Мұның сыртында құқық қорғау ұйымдары да белсенді жұмыс атқаруда. Өткен аптада үкіметтік емес сектор өкілдері дөңгелек үстел өткізді, онда азаматтардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері және тиімді өзара іс-қимыл жолдары талқыланды. Жалпы, адам құқықтарын қорғау мәселелері кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Бұл мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау, балалардың, әйелдердің, мигранттардың құқықтарын қорғау және тағы басқалары. Облыс әкімдігі жанынан Кәмелетке толмағандар комиссиясы, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялар, әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастары жөніндегі үшжақты комиссия өз қызметтерін табысты жүзеге асыруда”, – деп атап өтті Арман Әбенов.

Ол сөз сөзін жалғай келе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға және алдын алуға ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді. Мәселен, 2017 жылдан үкіметтік емес секторында өзара іс-қимыл шеңберінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша жобалар іске асырылуда. 2024 жылы осы мақсаттарға облыстық бюджет қаражатынан 149 миллион теңге бөлінген.

“Облыстың бес өңірінде психологиялық және медициналық көмек көрсететін, жаңа кәсіптер мен дағдыларға оқытатын, сондай-ақ экономикалық, заңгерлік және әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерді көрсететін орындар бар. Жалпы, Қостанай облысының аумағындағы әрбір мемлекеттік орган азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды”, – деп түйіндеді Арман Әбенов.

Бұл семинар білімді тереңдету ғана емес, сонымен қатар барлық деңгейдегі адам құқытарын жүзеге асырудың практикалық аспектісін талқылау алаңына айналды. Жиынға мемлекеттік құқық қорғау органдарының және  үкіметтік емес сектордың өкілдерімен жастар қатысты. Яғни, серіктестік байланыс нығайып, тәжірибе алмасу және неғұрлым әділ және ашық қоғам құруға нақты үлес қосатын маңызды платформаға айналуға тиіс.

Адамның және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бірнеше тармаққа бөліп қарастыруға болады. Олар, азаматтық құқықтар, саяси құқықтар, экономикалық құқықтар, әлеуметтік және мәдени құқықтар, соңғысы ұжымдық құқытар.

“Семинардың негізгі көздегені Қостанай облысының тұрғындарына құқықтары мен бостандықтарын және міндеттерін түсіндіру. Бізде еңбек қатынасына қатысту дау-дамайлар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелер кездеседі. Мұның сыртында әйелдер мен мүгедектердің мәселесі де бар. Осы семинарда осылармен қатар, балалардың құқығын қорғау тетіктерін жетілдіру туралы айттық. Қандай да бір адамның құқығы тапталып, қорғалмаған жағдайда, айталық жоғары соттың немесе бас прокуротураның жауабын алып, көңіліңіз толмаса ары қарай не істейсіз? Ол адам енді қандай механизммен жұмыс істеуі керек деген кезде, БҰҰ алты келісім-шарттық органдарына арыз-шағым түсіре алады. Оның да өз тәртібі бар. Осы жиында барлығын ашып айтып, үйреттік. Ол халықаралық механизм болып саналады. Жалпы алғанда, еліміздің әрбір азаматы өздерінің міндеттерін білуі керек. Құқықтары мен бостандықтарын заңды жолмен тиімді қорғай алуы қажет”, – дейді ҚР Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев.

Еліміздің мемлекеттік саясаты ҚР аумағы азаматының адам құқықтарын қорғау және көтермелеуге бағытталған. Яғни, ҚР Конституциясының 14 бабына сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайын, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

“Адам құқықтары жөніндегі Комиссия өз қызметінде барлық санаттағы адамдардың құқық қорғау тетіктеріне ерекше назар аударады. Бұл халықтың, әсіресе әйелдердің, балалардың, егде жастағы адамдардың, қандастардың, азаматтығы жоқ адамдардың, босқындардың, еңбек мигранттарының, Қазақстан аумағында пана іздеп жүрген адамдардың, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің құрбандары болған адамдардың барлығы біздің мемлекетіміздің қорғауында.

Комиссия бірқатар жобаларды әзірлеген. Әсіресе, өңірлердің тұрғындарын, соның ішінде жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлерін оқытуға баса назар аударып отыр. Жоғарыда жазғанймыздай әр адам өз құқығын білуі әрі қорғай алуы қажет. Сондай-ақ, қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттер де естен шықпауы керек. Адамдар бір-біріне құрметпен қараса ләзім. Бұл тұрғыда адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетігін, оның ішінде адам құқытарын қорғаудың халықаралық тетігін үйретумен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесі айналысады.

“Негізгі құқықтар мен бостандықтарды қорғау және ілгерілету саласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиямен тығыз жұмыс істеп келеміз. Баяндама жасау үшін арнайы мамандар да келді. Олар маңызды қызмет саласының әртүрлі аспектілерін қатитын адам құқытарын қорғаудағы құнды тәжірибелерімен бөлісті. Адам құқықтары теориялық пікірталастарда жиі талқыланатын ұғым ғана емес. Бұл, ең алдымен, әрқайсымызға толыққанды өмір сүру үшін қажет құқықтар. Туғаннан бастап әр адам құқықтардың иесі болады. Ал бұл құқықтардың қаншалықты құрметтелетіні және әділ жүзеге асырылатыны бәрімізге байланысты. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерді жүзеге асыру кезінде жергілікті тәсілдің маңыздылығын әрдайым атап көрсетеді. Біздің жұмысымызда халықтың осал топтарына, яғни, әйелдерге, балаларға, мигранттарға, азаматтығы жоқ адамдарға және мүгедектігі бар адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл топтар ерекше қорғауды қажет етеді және олардың құқықтарын қамтамасыз ету мемлекеттік саясат пен құқық қорғау институттарының қызметінде басымдық болып қала беруі керек”, – дейді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі басшысының міндетін атқарады Юрий Фенопетов.

Талқылауда адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі зерделенеді. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің сот және құқық қорғау органдарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктері қаралды. Тыңдаушылар азаматтардың өз құқықтарын сотта және соттан тыс қорғау, азаптаулардан және қатыгездік пен жазаның басқа түрлерінен, кемсітушіліктен еркін болу, білікті заң көмегін алу конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен танысты. Адам құқықтары жөніндегі комиссия адам құқықтарын қорғау туралы оқыту семинар-тренингін 16-шы сәуірде Әулиекөл ауданында, 17-ші  сәуірде Рудный қаласында өткізетін болады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу