Қостанай облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселесі талқыланды

Қостанай облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселесі талқыланды

Облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде мемлекеттік қызметтерді жетілдіру және олардың сапасын арттыру мәселесі қаралды.

Отырысқа облыс әкімі Құмар Ақсақалов төрағалық етіп, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің халыққа қолжетімділігі мен сапасын жақсарту – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті.
Жиында облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Бұл өз кезегінде әкімшілік кедергілерді азайтып, азаматтардың уақытын үнемдеуге сеп болуда.

– Электрондық үкімет порталы арқылы қызметтер өмірлік жағдайлар бойынша топтастырылған. Мысалы: «Рәсімделу», «Бала туу», «Жұмысқа тұру», «Бизнес ашу» сияқты санаттармен көрсетіледі. Бұл азаматтар үшін қызметті іздеуді айтарлықтай жеңілдетеді, – деді Азамат Кашиев.

2024 жылы облыс әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті бірлесіп, орталық мемлекеттік органдарға 49 ұсыныс жолдаған. Оның ішінде 14 өзекті мәселе республикалық комиссияның қарауына шығарылса, 10 ұсыныс өткен жылы іске асты. Атап айтқанда, қызметтер тізіліміне ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған жаңа мемлекеттік қызметтер енгізілді.
Облыста мемлекеттік қызметтердің сапасы жыл сайын әлеуметтік зерттеулер арқылы бағаланып отырады. Соңғы үш жылда электронды қызметтер үлесі 91%-тен 98,3%-ке дейін өскен. Әсіресе денсаулық сақтау саласында цифрландыру қарқынды жүргізілуде. Бұрын емханада кезек күту немесе анықтама алу уақыт алса, бүгінде осы қызметтерді «Дамумед» қосымшасы арқылы онлайн алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, наркологиялық және психиатриялық анықтамалар да электронды түрде қолжетімді.
Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында қызмет көрсету орындарының да жағдайы жақсартылуда. Қостанай қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН) Тәуелсіздік көшесі, 46 мекенжайындағы ғимараттан Тәуелсіздік, 114 мекенжайына көшіріледі. Жаңа нысан кең әрі қолайлы болмақ, мұнда көлік қою мәселесі де шешімін табады.

– Жаңа ғимарат заманауи техникалармен жабдықталып, тұрғындарға жайлы жағдай жасалады. Сондай-ақ, өңірдегі барлық аудандық және қалалық ХҚКО-ын кезең-кезеңімен жаңғырту қажет. Осыған байланысты бір ай ішінде облыстағы халыққа қызмет көрсету орындарының қазіргі жағдайына талдау жүргізіп, жаңғырту тұжырымдамасын дайындауды тапсырамын, – деді Құмар Ақсақалов.

Кеңесте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы әртүрлі көздерден алынған деректерді біріктіруге мүмкіндік беретін Бірыңғай тұрғын үй-коммуналдық платформа құру жобасы қаралды. Жаңа жүйе арқылы енді тұрғындар барлық коммуналдық төлемдерді бір жерден онлайн төлеуге мүмкіндік алады. Бұған дейін әр қызметке жеке түбіртек толтырып, әрқайсысын бөлек төлеу қажет болса, енді мұның бәрі біріккен құжатпен жүзеге асады.

– Тұрғындар түбіртектерді жинап, ұзын-сонар кезекте тұруға тиіс емес. Барлығы бір жерден, бір құжатпен төленуі керек. Бұл әсіресе зейнеткерлер мен балалы отбасылар үшін үлкен көмек, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар цифрлық қызметтерді қолдана алмайтын азаматтар үшін қағаз нұсқадағы түбіртек те қолжетімді болады. Жүйеге iKOMEK қызметі, ПИК мен МИБ, есептеу орталықтары және банктердің төлем жүйелері қосылады. Жоба 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін аймақтарда толық енгізілуі тиіс. Энергетика және ТКШ басқармасына осы мерзімге дейін «Бірыңғай төлем құжатын» өңірде енгізу тапсырылды.
Облыс әкімі барлық мемлекеттік органдарға қызмет көрсету барысында жеделдік пен қолжетімділікке басымдық беруді, сонымен қатар қызмет сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.

– Әр қабылданған шешім «тұрғындар үшін бұл жеңіл болды ма?» деген сұрақ тұрғысынан бағалануы тиіс, – деп қорытындылады отырысты облыс басшысы.

Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, аудан және қала әкімдері, облыстық басқарма басшыларының осы бағыттағы жұмыстары жеке тыңдалатын болады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу