Өңірде “Алтын микрофон–2025” жас әншілер байқауы басталды

Өңірде “Алтын микрофон–2025” жас әншілер байқауы басталды

Облыстың аудан-қалаларында ХХІ “Алтын микрофон – 2025” аймақтық әншілер байқауына іріктеу кезеңдері өтіп жатыр.

Алғашқысы Арқалық қаласындағы жасөспірімдер театрында өтті. Оған аймақтан келген талантты ұл-қыздар қатысып, вокалдық қабілеттерін көрсетіп, қазылар алқасының талқысына түсіп, әділ бағаларын алды. Іріктеу кезеңнен өткендер облыстық байқауға жолдама алды.

Бұл іс-шара – дарынды жастардың шығармашылығын шыңдауға, өнер жолындағы алғашқы қадамдарын нық басуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бойында таланты бар ұл-қыздар сахнаға шығып, вокалдық қабілеттерін көрсетіп, қазылар алқасынан бағаларын алуда. Әрбір қатысушы ерекше дайындықпен келіп, түрлі жанрда әндер орындап, көрермендер мен қазылардың қошеметіне бөленді.

Байқау жас таланттарды анықтау, қолдау көрсету және олардың болашақ шығармашылық жолына жол ашуды мақсат тұтқан. Қазылар алқасының құрамында кәсіби музыканттар, вокал педагогтері мен мәдениет саласының өкілдері бар. Олар қатысушылардың дауыс диапазонын, сахна мәдениетін, орындаушылық шеберлігін ескере отырып, әділ бағаларын беруде.

Алда аймақтық жеңімпаздар облыстық байқауда бақ сынап, одан әрі тамыз айында өтетін халықаралық байқауда өңірдің намысын қорғауға мүмкіндік алады. Бұл – жас өнерпаздар үшін үлкен тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды кезең. Байқау барысында балалардың сахнаға деген сенімі артып, кәсіби өсуіне ықпал ететін бағыт-бағдар беріледі.

Осындай өнер алаңдары – еліміздің мәдениетінің дамуына үлес қосып қана қоймай, жас ұрпақты рухани тұрғыда тәрбиелеудің бірден-бір жолы. Алда өтетін облыстық және халықаралық кезеңдерде де жас таланттар өз өңірлерінің абыройын асқақтатып, жоғары нәтиже көрсететініне сенім мол.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу