Арқалықта биіктігі 16 метр скульптура салынады

Арқалықта биіктігі 16 метр скульптура салынады

Арқалықтың Астана бағытынан қалаға кіретін жеріндегі «Арқалық» жазуы жаңартылып, қала іргесіндегі айналма жолдың ортасына жаңа скульптура тұрғызылады.

Бұл жөнінде қала әкімі Әмірхан Асанов жақында өткен халықпен кездесуінде мәлімдеп, қала реңін ашатын құрылыс жұмыстарының жүргізілетінін айтып, сүйіншілеген еді.

  «Аэропортымыз іске қосылайын деп жатыр. Демек, ол жаққа қарай жол қатынасы қайта қарқын алады. Сол себепті қаланың реңін ашатын композициялардың болуын қарастырып жатырмыз», – деген болатын тұрғындарға қала басшысы.

Айналма жолға салынатын биіктігі 16 метрлік еңселі нысанның авторы – белгілі суретші, Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Мәлік Әбділдин.

Қала әкімі жоба автормен бірге сызбаны көріп, ұсыныстарын енгізді. Мәлік Нақанұлы құрылысқа өте сапалы материалдардың қолданылатынын жеткізді. Нысандар жарықтандырылып, сырмақтас төселіп, маңайына гүл егіледі. Демалушыларға жайлы болу үшін орындықтар орнатылады.

Осылайша, жаңа кейіптегі архитектуралық құрылымдар қаланың көркін келтіретін орындардың біріне айналмақ. Мамандардың айтуынша, қазіргі тұрған мүсіндер де кәдеге асырылып, қаланың шағын саябақтарына көрік беретін болады. 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Жаңалықтармен бөлісу