“Заңды білмеген – өмір бағытын білмейді”: ҚИнЭУ-де жастармен заң тақырыбы талқыланды

“Заңды білмеген – өмір бағытын білмейді”: ҚИнЭУ-де жастармен заң тақырыбы талқыланды

Бүгінгі студент – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Ал сол азаматтың мемлекеттегі рөлі қандай? Оның заң алдындағы жауапкершілігі, құқықтық санасы қай деңгейде? Міне, осы және өзге де маңызды сұрақтар Жахаң атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде өткен «Азаматтың мемлекеттегі рөлі» атты ашық дәріс барысында қызу талқыланды.

Бұл тек құрғақ лекция емес, болашаққа бағыт сілтер, заң мен тәртіптің маңызын ұғындырған шынайы диалог алаңына айналды.

Дәріс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға құқықтық тәрбиеге бейжай қарамайтын, ел болашағына үлес қосуды мақсат еткен белсенді студенттер қатысты.

Аға прокурор Бағдат Есикеев өз сөзінде прокуратураның басты міндеті – заңдылық пен әділеттілікті қадағалау екенін ерекше атап өтті. Ол прокуратура органдарының түрлі салалардағы жұмысына тоқталып, шынайы өмірден алынған нақты оқиғалар арқылы заңның қорған рөлін ашып көрсетті. Бұл мысалдар студенттерге құқықтық тәртіпті сақтаудың тек мемлекеттің емес, әр азаматтың міндеті екенін ұғындырды.

ҚИнЭУ заң кеңесшісі Талғатбек Байболатов оқу орнының ішкі жарғысы мен тәртіп ережелерін сақтау – студенттің оқу орнындағы өмірінің негізі екенін айтты. Оның пікірінше, заң мен тәртіпке бағыну тек міндет емес, бұл – студенттің жеке мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Университет қабырғасында қалыптасқан тәртіпке бой үйреткен адам болашақта да қоғамға сіңісіп, адал азамат болуға бейімделеді.

Жастар саясаты департаментінің психологы Алина Исмағұлова өз баяндамасында құқық бұзушылықтың психологиялық себептеріне тоқталды. Ол жасөспірімдер мен жастар арасында жиі кездесетін ұсақ бұзақылық пен тәртіпсіздіктердің түп-төркінінде көбіне дұрыс бағдардың болмауы, эмоциялық қысым немесе әлеуметтік орта әсері жататынын атап өтті. Психолог жастарға құндылықтарды дұрыс таңдап, мінез-құлықты ерте жастан қалыптастырудың маңызын жеткізді.
«Азаматтың мемлекеттегі рөлі» атты дәріс студенттерге құқық пен жауапкершілік туралы жаңаша ойлануға мүмкіндік берді. Бұл кездесу – болашақ мамандардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Қоғамда тәртіп пен әділет орнауы үшін әр адам өзінен бастау алуы керек екенін студенттер нақты түсінді.

Бүгінгі дәріс – қарапайым тәртіп ережесінен басталатын үлкен азаматтық сана қалыптастыру жолындағы сенімді баспалдақ болды.

Жаңалықтармен бөлісу