Қараңғы көшелер қалмай ма? Қостанайда жарықтандыру жұмыстары қарқын алды Фото: top-news.k

Қараңғы көшелер қалмай ма? Қостанайда жарықтандыру жұмыстары қарқын алды

Қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Дәурен Асқаровтың айтуынша, биылдыққа 40 учаскеде проекциялық жаяу жүргінші өткелі орнатылған. Алдағы уақытта тағы 50 жаяу жүргінші өткелі жарықтандыру құралдарымен жабдықталмақ.

«Қалада барлығы 153 жарықдиодты бағдаршам бар. Осы жылы соның 41-ін жаңғырту және Нұрмағамбетов-Пушкин көшелерінің қиылысына жаңадан біреуін орнату жоспарланды. Жыл соңына қарай барлық 154 бағдаршамның 147-сі немесе 95,4 %-і жол қозғалысын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесіне қосылады», – деді Дәурен Асқаров.

Сондай-ақ 5 бағдаршам нысанына үздіксіз қуат көзі орнатылды. Алда-жалда жарық сөніп қалса да аталған бағдаршамдар 6 сағатқа дейін жұмыс істей береді.

Жергілікті билік Қостанай көшелеріндегі қауіпсіздікті сақтау үшін жол белгілері мен жасанды кедергілер орнатуға ерекше ден қоюда. Биылдыққа төрт мың жол белгісін ауыстыру және 700 шаршы метр аумаққа жасанды жол кедергісін орнату жоспарланды. Шаруаны орындау үшін «Премиум пласт» жеке кәсіпкерлігімен келісім-шарт жасалған. Қазіргі уақытта 2526 жол белгісі және 70 м² жасанды жол кедергісі орнатылып қойды.

Шаһар басшысы Марат Жүндібаев қаланың барлық жаяу жүргіншілер жолағын қосымша жарықтандыру құралдарымен қамту қажеттігін айтты.

«Қазір күн ерте батады. Кеш қарая бастағанда жаяу жүргіншілер жолағы жарқырап тұруы тиіс. Көлік жүргізушілер адамның өтіп бара жатқанын алыстан көріп, білгені дұрыс. Проекциялық өткелдер артықшылығын әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан жаңа технологияны барлық жаяу жүргіншілер жолағына қолданған жөн. Бұл ең алдымен қауіпсіздік үшін қажет», – деді ол.

Жаяу жүргіншінің ендігі бір қажеті тротуар. Қала бойынша 589 көшенің 501-де тротуар бар. Қалған 88 көшенің жиегінде арнайы жолақ салынбаған. Әсіресе, шаһардың шет жақтарындағы жолдарда тротуар тапшы. Келешекте бұл түйткілдің де түйіні тарқайды деп сенеміз.

Қымбат ДОСЖАНОВА