Биылғы «Студент көктемі» фестивалінің қорытындыланып, облыстың ең үздік шығармашыл студенттері анықталды. Айға созылған ауқымды өнер және спорт мерекесінде жоғары оқу орындарының талантты жастары өзара мықтыны анықтады.
Өңір жастарының шығармашылық әлеуетін айқындаған маңызды мәдени байқау 6–30 сәуір аралығында өтті. Облыстағы жеті жоғары оқу орнынан келген ең дарынды әрі белсенді студенттерді біріктірді. Фестиваль аясында концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар, театр қойылымдары, ән-би сайыстары, сондай-ақ студенттердің авторлық жобаларын қамтитын 14 іс-шара ұйымдастырылды.

Кеш соңында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз алып, барша студентті айтулы мерекемен құттықтады.

«Бүгін байқаудың мәресіне жеттік. Сіздермен бірге тапжылмастан 2 сағаттан астам ең мықты, ең үздік студенттеріміздің өнерін тамашаладық. Осы сахнада тұрған әр студент жеңімпаз. Бәсекеге қабілетті жастарымыз өнерлерін ортаға салды. Баршаңызға алғыс білдіреміз. Биыл фестивальді бұрынғыдан басқаша форматта өткіздік. Қостанай облысында 50 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Өңірімізде ашылып жатқан кәсіпорындарда 55 пайыз жас жұмыс істейді. Қостанай – мүмкіндіктер алаңы. Қостанай – болашақтың орталығы. Сондықтан бәріміз Тобыл-Торғай өңірін жақсы көреміз. Қостанай облысын дамыту арқылы, Қазақстанымызды көркейте бермекпіз. Өңіріміз алға баса берсін. Ал бүгінгі жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын!», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Нәтижесінде І орынды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті иеленсе, ІІ орын Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына бұйырды. Ал ІІІ орынды Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті жеңіп алды.



«Студент көктем» – жай ғана фестиваль емес, жастар шығармашылығын дамытуға, студенттердің бастамаларын қолдауға және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ауқымды мәдени қозғалыс. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, креативтілік және өнер-білімге, саматты өмір салтына деген заманауи көзқарасын көрсетті.
БОТА МАНЕТ
