Қостанайлық машина жасаушылар Аманқарағай орманында 5 мың ағаш отырғызды

Қостанайлық машина жасаушылар Аманқарағай орманында 5 мың ағаш отырғызды

Осыдан төрт жыл бұрын Аманқарағай орманы өртеніп, бірталай аумақты жалын шарпығаны біразынын есінде. Салдарынан күйік шалған ағаштар көктемей қойды. Біразы өртеніп кетті. Тілсіз жаудың кесірінен болған олқылықтың орынын толтыру үшін Аманқарағай орманын қалпына келтіруге арналған ауқымды волонтерлік акция өтті.

AGROMASH және Allur машина жасау кәсіпорындарының 300-ден астам қызметкері 5 мыңнан аса қарағай көшетін отырғызды. Іс-шараның бастамашысы жұмысшы жастардан құрылған «Еңбек жастары» қозғалысы болды.

            Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасының аясында болды. Бағдарлама экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты сақтау мәселелері төңірегінде қоғамды біріктіруге және елдегі экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған.

            Аманқарағай орманы – Қазақстандағы маңызды табиғи нысандардың бірі. Көптеген кәсіпорын қызметкерлері үшін орманды қалпына келтіруге атсалысу азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ғана емес, жүрекке жақын жеке оқиғаға айналды. 2022 жылы дәл осы азаматтар халықты эвакуациялау мен ірі өрттің салдарын жою жұмыстарына да қатысқан болатын. AGROMASH зауытының президенті Динара Шүкіжанова орманды қалпына келтіруге қатысу төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының бір-біріне көрсеткен қолдауының жалғасы екенін жеткізді.

blank

            «Аманқарағайда алапат өрт болған кезде біз шет қалмадық. Бұл – менің туған жерім, сол сәтте жүрегіміз қан жылады. Жалын үйлерге таяп қалған кезде адамдардың есігін қағып, заттарын жинауға көмектестік, алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Оны еске алудың өзі ауыр, бірақ ұмыту мүмкін емес. Күйіп кеткен ағаштардың жанынан өткен сайын сол күндердің ауыртпалығы сезіледі. Бүгінгі іс-шарамыздың көздегені жоғалтқанымызды қалпына келтіріп, өңірдің болашағына үлес қосу», – деді Динара Шүкіжанова.

Іс-шара барысында волонтерлік бастамалар мен жастар қозғалыстарының елдің экологиялық күн тәртібін жүзеге асырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, адамдарды ортақ игі құндылықтар төңірегінде біріктіреді және іс жүзіндегі патриотизмнің үлгісіне айналады.

blank

«Еңбек жастары» қоғамдық, әлеуметтік және экологиялық жобаларға белсенді қатысатын кәсіпорындардың жас мамандарын біріктіреді.

            «Бізді туған өлкеге пайдалы іс жасап, орманды қалпына келтіруге нақты үлес қосуға деген ортақ ниет біріктірді. Көшеттерді өз қолыңмен отырғызғанда, болашақ ұрпаққа не қалатынын тереңірек түсінесің. Біз өндірісте машина жасауға биімделгенбіз, бірақ зауыттан тыс жерде де өз жерің, өз мемлекетің үшін еңбек етіп, игілік жасау маңызды. Мен үшін патриотизм — құр сөз емес, нақты іс. Бүгін біз дәл сондай маңызды іс үшін жиналдық», – деді Allur зауытының машина-контактілі дәнекерлеу учаскесінің дәнекерлеушісі Диас Беріков.

blank

Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, экологиялық акцияға қатысу өңірдің дамуына нақты үлес қосып, экология мен тұрақты даму саласындағы маңызды мемлекеттік бастамаларды қолдауға мүмкіндік берген.

blank

«Семиозер орман шаруашылығы мекемесінің» жетекшісі Ринат Серденбаев өңір экожүйесін қалпына келтіру ісіндегі бизнес пен волонтерлік қауымдастықтың қосқан үлесі мол екенін жеткізді.

            «Өрттен кейін төрт жыл өткен соң Аманқарағай табиғаты қалпына келе бастады. Ұзақ уақыт тыныш күйде жатқан қарағай тұқымдары өне бастады. Дегенмен орманға біздің көмегіміз қажет. Отырғызу үшін біз екі жылдық көшеттерді пайдаланамыз. Ірі ағаштарға қарағанда олар жергілікті ортаға тез бейімделіп, топырақпен жақсы бітісіп кетеді. Бұл олардың жерсіну көрсеткішін арттырады. Ұзақ уақыт қажет. Бірақ біз болашақ ұрпақ үшін еңбек етіп жатқанымызды түсінеміз, сондықтан жұмысымыздың мәні ерекше. Мұндай бастамалар табиғи мұраны сақтау жолында қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырады. Әсіресе еңбек ұжымдары мен жастардың белсенді қатысуы өте маңызды», – деп атап өтті ол.

Еске салайық, 2022 жылы Қостанай облысында болған табиғи өрт өңір тарихындағы ең ірі апаттардың бірі болды. Соның салдарынан шамамен 25 мың гектар орман алқабы зардап шекті.

Орман шаруашылығы мекемесінің жетекшісі Ринат Амангелдіұлының айтуынша, мекеменің өз алқабында өсірілген көшеттерді 440 гектар аумаққа отырғызған. Ал 2022 жылдан бүгінгі күнге дейін шамамен 2 мың орман алқабы қалыпқа келтірілген.

            «Біз кезең-кезеңімен аумақтарды тазалап, отырғызуға дайындап жатырмыз. Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі кешенді жоспарына сәйкес, біздің мекемеге жыл сайын 440 гектар орман отырғызу міндеті жүктелген. Шамамен 3 миллион көшет отырғызылады. Бұл жоспарды жыл сайын 100 пайыз орындаймыз», – дейді ол.

Ал жалпы алғанда орманның толық қалпына келуіне шамамен 10-15 жыл қажет болады. Сонымен қатар орман өздігінен де белсенді түрде қалпына келіп жатыр екен. Өртке дейін өскен қарағайлардың тұқымдары жер қабатында, шөп жамылғысында сақталған. Қазір олардың өнуі мен қалпына келуі белсенді. Қолдан отырғызған көшеттерден бөлек, өздігінен өсіп жатқан өскіндер де бар. Орман өрттен кейін өздігінен қайта қалпына келуде деп айтуға негіз бар. Ал табиғи өсу аз байқалатын аумақтар тазартылып, көшеттер егілуде. Өртенген аумақтың 60 пайыздан астамы тазартылған.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – Allur кәсіпорнының баспасөз қызметі