Арқалық әкімінің есептік-кездесулері шалғайдағы ауылдарда жалғасты

Арқалық әкімінің есептік-кездесулері шалғайдағы ауылдарда жалғасты

Мемлекет басшысының әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу жөніндегі Жарлығына сәйкес Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асановтың тұрғындармен кездесулері шалғайдағы Екідің, Әбдіғаппар хан ауылдарымен Қайыңды және Ашутасты ауылдық округтерінде жалғасын тапты.

  Кездесуге ауыл тұрғындарымен бірге әдеттегідей полиция басқармасының өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

 Ауыл халқымен кездесулерінде қала әкімі Әмірхан Асанов алдымен Арқалық қаласының 2026 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен таныстырып, әрмен қарай ауыл әкімдерінің есептерін тыңдады.

Ең шалғай елдімекен Екідің ауылында елу шақты аула бар. Ауыл тұрғындарының саны 222 адам. Негізгі кәсіп көзі мал шаруашылығы өткен жылмен салыстырғанда еселеп өскен. Қазіргі таңда ауылда ірі қара – 1886 бас, жылқы – 1119 бас, ұсақ мал – 2873 бас.

 Білім саласында да ілгерілеу байқалады. 2025 – 2026 оқу жылында мектепте 35 бала білім алса, 2026 – 2027 оқу жылында 39 оқушы келеді деп күтілуде.

blank

 Қала әкімі балаларға жүйелі білім беруді басты назарда ұстау қажеттігін тапсырды.

 «Өткен жылы «ARES PROJECT» ЖШС Екідің жерінде 4участокте геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге халықпен қоғамдық тыңдау өткізіп, таяуда жұмыс бастамақшы. Сонымен қатар, «Маятас» участогінде жұмыстар жасалған. Қостанай металлургия комбитаны Мәскеулік серіктестермен келіп игермек. Пайдалы қазбаларды өндіру жұмыстары қолға алынса ауыл өміріне жаңа серпін береді деген үміттеміз»,-дейді ауыл әкімі Дулат Бейсенов.

 Қаладан 90 шақырым қашықтықта орналасқан Әбдіғаппар хан ауылында 261 адам тұрады. Бұл ауылда да мал басының өсімі байқалады.

 Ауылдағы Қараторғай жалпы білім беретін негізгі мектебінде 29 бала білім алуда. Алдағы оқу жылын 34 баламен бастайды деп жоспарланған.

 Қайыңды ауылдық округін 294 адам мекендейді. Оның 36-сы Алуа ауылының тұрғыны.

Ауылдың негізгі мектебінде 29 бала білім алады. Алдағы оқу жылын 34 баламен бастамақшы.

Арқалық өңіріндегі тірек ауылдардың бірі Ашутасты ауылында 1446 тұрғын тұрады. Оның 144-і Аққошқар ауылының тұрғындары.

 Ашутасты ауылындағы Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектебінда 139 оқушы оқиды. Ал, Аққошқар ауылындағы Ақбұлақ негізгі мектебінде 30 оқушы білім алады.

 Қала әкімі бұл жерде де білім сапасын төмендетпеуді қадап тапсырды.

«Бала – елдің болашағы. Мектепті сақтаймыз деп балалардың дамуын тежеуге жол бермеуіміз қажет.  Білім беру жүйесі барлық талаптарға сай болуы тиіс»,-деді Әмірхан Біркенұлы.  

 Қала әкімінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы ауыл және ауылдық округтер бойынша халық алдындағы есептік-кездесулерін Родина ауылдық округі түйіндейді.

МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ