Денисов ауданы біртіндеп цифрлық дамудың жаңа деңгейіне көтерілуде. Қазірдің өзінде Денисов ауылында 300-ден аса тұрғын талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылу мүмкіндіген ие болды. Заманауи телекомуникация инфрақұрылымы жыл соңына дейін барлық ауылды қамтымақ. Өлкедегі ауқымды жобаны «Қазақтелеком» АҚ жүзеге асыруда.
Байланыс желілерін тарту жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталып, қайта қосубиылғы наурызда жүргізілді. «Қазақтелеком» АҚ Қостанай облысы бойынша қолжетімділік желісін пайдалану департаментінің директоры Сәкен Ысқақовтың айтуынша, бұл тұтынушылар үшін жаңа мүмкіндік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жасанды интеллект жылы» деп белгілеп, заманауи жаңашылдыққа жол ашып отыр.

«Қостанай облысының тұрғындары заманауи телекоммуникация қызметтерін пайдалану үшін біздің компания барынша күш салуда. Жыл соңына қарай Денисов ауылының халқы түгел талшықты-оптикалық желіге қосылады. Бұл дегеніміз шамамен 1300 дей абонент. Ауыл тұрғындарына қаладағыдай мүмкіндік туады»,-дейді Сәкен Ысқақов.

Жаңа технологияның нақты артықшылықтары турасында «Қазақтелеком» АҚ Солтүстік өңірі бойынша коммерциялық қызмет жөніндегі өңірлік директоры Алёна Ляпунова түсіндірді. Бұл жай ғана жоғары жылдамдықты интернет емес, деректерді тасымалдауда тұрақты байланыс қалыптастыратынтолыққанды цифрлық қызмет пакеті екенін атап өтті.

«Қазақтелеком» компаниясы қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюда,-дейді «Қазақтелеком» АҚ Солтүстік өңірі бойыншакоммерциялық қызмет жөніндегі өңірлік директоры Алёна Ляпунова. — GPON технологиясын пайдалана отырып, талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы интернетке қол жеткізудің артықшылығы кабель абоненттің пәтеріне тікелей тартылады. Бұл тәсіл қолжетімділік деңгейін максималды жылдамдатады. Талшықты-оптикалық интернетке қол жеткізудің арқасында абоненттер бір уақытта бірнеше қызметті пайдалана алады: сандық теледидар, TV+ платформасы, интернет және SIM карталар. Бірнеше құрылғыны қатар қосқанға қарамастан, деректерді тасымалдау сапасы төмендемейді, жылдамдығы жоғары және тұрақты күйде сақталады. Тұтынушылар өз қалауы бойынша оңтайлы тарифті таңдай алады.

Аталмыш жобаның өлке болашағы үшін маңызы зор екенін Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев та атап өтті. Оның пікірінше, заманауи цифрлық қызметке қолжетімділік білім алуға, жастардың өзін-өзі дамытуына ынталандырып, ауыл аймақты әрі қарай цифрландыруға жол ашады.
«Талшықтық-оптикалық байланыс желісі келешек көкжиегін кеңейтеді. Ауыл тұрғындарының интернетке қосылу мүмкіндігінің артуы – жастардың онлайн білім алуына, жасанды интеллектіні және әлемдік цифрлық платформаларды игеруге мүмкіндік береді. Ауданымыздың цифрлық дамуына да ықпал етеді деп санаймын»,-деді аудан әкімі.
Талшықтық-оптикалық байланыс желісінің негізгі артықшылығы – сенімділігінде. Ескі мыс желісінің жылдамдығы секундына әрі кетсе 12 мегабитқа дейін жететін. Жаңа желінің шабысы 500 Мбит/с дейін. Соңғы үлгі жүйрік әрі үздіксіз қызмет ететінін көрмейсіз бе! Үздік интернетіміздің мақтауға шынымен сай келетінін тексеру үшін зейнеткер Ираида Лобанованың үйіне бас сұқтық.

«Интернетті ертеден, 2009 жылдан бері пайдаланамын. Бұрын жылдамдығы баяу еді. Байланыс жиі үзіліп, қарсып қалатын. Қазіргі сапасына көңілім толады. Қазақтелекомның желілерді жаңартып жатқанына қуаныштымын. Мұндай жоғары жылдамдықты интернет еліміздің барлық ауылдарына орнатылады деген сенімдемін»,-дейді зейнеткер.
Абоненттермен кездесуге аудан әкімі Руслан Қатпаев пен ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Қашиев те қатысты.
«Цифрландыру саласын дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асуда және 2026 жыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы тапсырма аясында «Қазақтелеком» АҚ барлық аудан орталықтарында талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнатуда. Сонымен қатар, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда, оның шеңберінде компания 2027 жылдың соңына дейін барлық ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізеді. Осылайша цифрлық теңсіздік кезең-кезеңімен жойылады. Ауылдың әр тұрғыны қаладағыдай мүмкіндіктерге ие болуы керек»,-деп есептейді ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Қашиев.
Басқарма басшысы жоғары жылдамдықты интернет ауыл халқының әл-ауқатының артуына да септігін тигізеді деген ойда. Сапалы байланыс медицина, білім салаларының адымын кеңейтіп, мемлекеттік және коммерциялық қызметтердің қолжетімділігін арттырады, орта бизнестің қарқынды дамуына қолайлы жағдай жасайды.

Қостанай облысында талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған ауылдардың үшіншісі осы – Денисов ауылы. Болашақта Алшан және Георгиевауылдарын ұялы байланыспен қамту жоспарлануда.
Үш жыл ішінде Қостанай облысының барлық аудан орталықтарына талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылмақ. Биыл Ұзынкөл және Амангелді аудандары жоспарда тұр.
ҚЫМБАТ ДОСЖАНОВА
