Соқпақта сілтенген семсер egemen.kz

Соқпақта сілтенген семсер

Сонау 1986 жылы Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетінде айқара беттің  тұтас етегін алып,«Қудалау» деген  көлдей мақала шықты. Аты айтып тұрғандай, мақалада Науырзым ауданындағы бір автобаза директорының жосықсыздығы айтылады. Мақала кейіпкері, қатардағы жүргізуші Өтегенов Боранбайдың бастығынан көрмегені жоқ, отырса – опақ, тұрса – сопақ болады. Журналист зерттей келгенде, директордың заңсыз  әрекетінен, өз өкілеттігін  асыра пайдалануынан зардап шеккен тек Боранбай емес, бүкіл автобаза ұжымына күнкөріс қиындап қалған екен. Қысқасы, басшы мен ұжым  арасындағы шиеленіскен қарым-қатынастан адамдардың құқы бұзылады, жұмыс та ақсайды. Бұрын мұндай мәселелерге тісін батыра бермейтін,«аузының дуасы кем» «Коммунизм таңында»әлгі мақала жарқ ете қалғанда, оны қазағынан өзгесі көп (директордың өзі де украин  ұлтының өкілі) автобазадағы орыс тілді жүргізушілер жора-жолдас, көрші-көлемдеріне аудартып оқып, айызы бір қанған. Газеттегі мақаланы орысшаға аудартып оқығандардың арасында Ресейде өскендіктен, қазақшасы ағаш аяқтағы талқанның жұғынындай да болмайтын Науырзым аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рамазан Тлеуф те бар болатын. Тәжірибелі басшы мына мақалада айтылған фактілерді шұғыл тексертеді де, ол  аудандық партия комитеті  бюросында қаралады. Газет көтерген мәселе ауданда дабылды іс болып, дүрбелең туғызды.  Нәтижесінде ойына келгенін істеген автобаза директоры қызметінен қуылды, әділетсіздіктердің барлығы орнына келтірілді.  Мақаланың авторы «Коммунизм таңының» арнаулы тілшісі, журналистика жолына енді түскен Сейфолла Шайынғазин болатын.

Сейфолла облыстық газетке 1985 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін сырттай бітірісімен келген. Газеттің пәрін ашатын, нысанаға дөп тиген талай өткір мақалалары жарияланды. Ауыл шаруашылығында, ауыл мектебінде жұмыс істеген ол жоғары білімді отызға келген шағында кеш алғанымен, ешнәрседен қалған жоқ, қайта газетке тәжірибелі маман болып келді. Қазақ журналистикасының теориясын жазған профессор, «сен тұр, мен атайын» журналистердің талай буынын қырнап шығарған Тауман Амандосов бұл мамандыққа жастардың өмір көріп, ысылып келуін құптап отыратын. Әрине, дарындылық адамның жасында тұрған жоқ шығар, алайда ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық алысқан қайнаған өмірде қара қылды қақ жаруға біліммен қатар өмірлік тәжірибенің керектігі Сейфолланың әр фактісін шегелеп, әр сөйлеміне атан түйенің жүгін артатын мақалаларынан көрініп тұратын.

1990 жылы Торғай облысы екінші рет ашылғанда, ол «Торғай таңы» облыстық газетіне бөлім меңгерушісі болып қызметке ауысты. Жаңа облыстағы проблема көп еді, соның барлығы да Сейфолланың қаламының ұшына  ілініп, өткір мақалалары оқырмандарға жетіп жатты. 1993 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі қызметіне кетті.«Егеменнің» редакциясы Алматыдан Астанаға көшірілгенде, Сейфолла да редакцияға ауысты. Ауысты деме, редакция басшылығы қалам қарымы мықты журналистің әлеуетін тиімді пайдалану керек деп шешіп, өздері шақырып алды. Айтқанындай, ол «Егеменнің» дауға салса найзасы, тойға барса айбозына айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында журналистиканың қиындықтары, уақыт талабына сай ерекшеліктері де болды. Жаңа уақыт, жаңа леп. Қай саладан жазсаң да жаңалық көп. Ал тақырыбыңды анық білмесең, зерттемесең, бұрыннан жиған «ішімайың»  болмаса, қаламың да шабан жүрісінен әрі бармайды. Сейфолланың өткір де маңызды мәселелерді көтерген мақалалары «Егеменде» жиі жарияланды.  Президенттің ел ішіндегі, шетелдік сапарларында оның жұмыс тобына қосылу журналист қарымының өлшемі секілді еді. Сейфолла 1999 жылдан 2007 жылға дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Президент пулындағы тұрақты өкілі болды. Мемлекет басшысының иығындағы жүк пен ел, мемлекет алдындағы жауапкершілігі  онымен сапарлас болған журналистке етене мәлім. Әсіресе, шетелдерге шыққанда Президентпен қатар журналистің де әр минуты санаулы, материалды уақтылы жазып, редакцияға жіберіп үлгеру керек. Ол кезде қазіргідей интернет, қолда телефон жоқ. Президент сапарының мазмұн-маңызын, демек мемлекет басшысының жасаған келісімдерін, оның елдің саяси ахуалы мен  экономикасына қаншалықты тиімділігін құлағы елеңдеп отырған елге саралап жеткізу тағы міндет.

2000-шы жылы Н.Назарбаев біріккен Ұлттар ұйымында өтетін Мыңжылдық  саммитіне қатысу үшін Америкаға барған сапарының  Сейфолла үшін оңай болмағанын өзі де ұмыта қойған жоқ. Президент жолай Лондонға соғып, сол кездегі премьер-министр Маргарет Тэтчермен кездесу үшін бір күнге аялдайды. Астана мен Лондонның, одан әрі Американың арасындағы уақыт айырмашылығы, құрлықтан құрлыққа ұшудың  ұзақтығы, көппен бірге күні бойғы шабыс мұндай тығыз күн тәртібіне үйренбеген жанды сілелетіп шаршатады.

«Казправданың» тілшісі Сергей Нестеренко екеуміз қонақ үйге келгенде әбден қалжырағанымды сездім. Басым шерткен асқабақтай түк сезбейді, бір жол жаза алмадым.  Сергейге «шаршамасаң, сен жұмыс істей бер, мен сәл ғана көз шырымын алайын, бір сағаттан кейін оят» дедім. Сергей жап-жас жігіт, ол: «Сіз демала беріңіз, мен жазамын», – деді. Бір кезде шошып ояндым, біраз ұйықтап қалыппын. Мені оятамын  деген Сергейімді жұлқылап жүріп, өзім зорға оятып алдым. Қаламы қолында, етпетінен жатқан күйі қатып қалыпты. Құм сағаттай уақытпен бірге ағып бара жатқандаймын, ойымды тізгіндеп, қорытып үлгеремін бе? Редакциядағылар менің мақаламды екі көзі төрт болып күтіп отыр. Есімді жиып, нөмірге салынатын материалды машинистка Рысжанға Америкадан тікелей диктовка жасап жібердім», – дейді Сейфолла журналистік жолдың қысылтаяңы санаулы минуттарда шашыңды ағартатын сәттерді есіне алып. Ол журналистика саласындағы соқпағын «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары қызметімен аяқтады.

Маңдай теріңді төккен еңбек елеусіз қалмайды. Сейфоллаға «Құрмет» ордені берілді, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақпарат саласының үздігі атанды. Дегенмен журналист үшін ең бастысы бұл емес, оқырмандар бағасы деп түсінеді Сейфолла. Айтса айтқандай, оның мақалалары Қазақстан Журналистер одағы және республикалық «Нұр Сұңқар» байқауларының   сыйлықтарын алған. Сейфолла Шайынғазының публицистикалық шығармалары да бір төбе. Өзі өмір сүріп отырған дәуір мен қоғамдағы жақсы-жаманды айыру, ұлттық құндылықтар мен елді тоздыратын жұлынқұрттар туралы дер кезінде айту, Сейфолланың өз сөзімен айтсақ, «қоғамдық пікірге қозғау салу» білімдіге, жүректі мен мінезді жанға тән. Оның өзі қызмет еткен «Коммунизм таңы», «Торғай таңы» және «Егемен Қазақстан» газеттерінде оның қаламына ілінбеген тақырып кемде-кем. Мерген қалам қоғамдағы пісуі жеткен мәселе мен оқырман көкейіндегі ойды дәл көздеген соң біразға дейін оның «жаңғырығы естіліп» жататын. Сөзіміз құрғақ болмасын, тұздығына бірер  мысал айтайық.  «Торғай таңының» 1993 жылы 11 ақпандағы нөмірінде  шыққан «Біреу тауға, біреу төбеге лайық немесе елді мекендер мен көшелерге кісі есімдерін беру хақында» атты мақаласы уақыттың тынысын дөп басқан еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қолында билігі мен ақшасы бар әркім өз атасының елге сіңірген еңбегін таразыламай,  елді мекендерге,  көшелерге оның атын беруге таласа жүгіруі етек алған болатын.

«Кісі есімдерін елді мекендерге үлестіре беру соңғы кездері бәсекеге айналып бара жатқандай. Қарға тамырлы қазақтың қай-қайсысының да кезінде тәп-тәуір қызмет атқарған таныстары, тумалары бар. Ұсыныс білдіргендер сондай таныстарын тықпалайды. Ондай таныстар менде де бар. Бірақ мен елді мекендерге оның атын бер деуден аулақпын. Ол еңбек етсе, сол үшін еңбекақысын алды, омырауына орден, медалін тақты, аты облыстың «Құрмет кітабына» жазылды. Ол туралы газеттер мадақтап жазды, телеарналарда хабарлар түсірілді.  Ойлап қарайықшы, осының барлығы бір пендеге жетерлік емес пе? «Тарих елегі» деген сөз бекерден бекер айтылып жүрген жоқ. Әркімді өзінің еңбегіне қарай құрметтесек, ешнәрседен ұтылмаймыз.  Өйткені біздің бүгінгі бітірген ісіміз келер ұрпақтың да көңілінен шығатындай, дұрыстығы оларды иландыра алатындай болуы шарт», – деп жазды автор. Мақаладағы шынайы шындық отыз төрт жыл өтсе де, бүгінгі оқырманның да ұйқысын ашады.

«Егемен Қазақстан» газетінің  2018 жылы мамыр айындағы бір нөмірінде «Осы біз қалай демалып жүрміз?»  атты шағын мақала жарық көрді. Көлемі қыздардың кестелі орамалындай ғана болатын мақалада автор үлкен ой айтады. Сейфолла алыстан арбаламайды, күнделікті өзінің айналасындағы көріністерді, яғни өзі тұрған үйдің автотұрағында демалыс күндері машиналардың қаптап қаңтарылып тұратынын, кітапханаларға демалыс күндері негізінен өзге ұлт өкілдерінің баруын, қазақ жастарының  теңселіп дүкендер мен базарларда жүретінін сөз етеді. Мұны ешкім теріске шығара алмайды. Көбіміз демалыс  күндері табиғат аясына шығуды, театрларға баруды қалтамызға шығын көреміз. Авторға дау айта алмайсың. Сол кездегі Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев газет басшыларының бірінен мақала авторына ризашылығын білдіріп, сәлем айтып жіберген екен. Сейфолланың мұндай өткір ойлы мақалалары жинақталып, «Ойтолғау» атты ой орманына жетелейтін бір кітап болған.

Мінез демекші, Сейфолланың журналистикаға кештеу келуі профессорды тыңдағаннан немесе бүгінгі коучтар сияқты өмірін алақанына салып, жоспарлағаннан емес, тағдырдың жазуы әлде текті жаратылыстың тегеуріні секілді. Қазақта «Ұл құнын алып туады» деген сөз бар. Сол Сейфоллаға қатысты шығар, бәлкім. Анасы Бикен төртінші перзенті осы Сейфоллаға босанғанда, бала үстінде көз жұмады. Көзкөргендердің айтуынша, Бикен әйелдің төресі болған дейді. Әкесі, Қостанай өңіріне белгілі әнші, айтулы азамат Байғоныстың замандастары:«Бикен Байғоныстың маңдайына сыймай кетті ғой» дегенді жиі айтыпты. Парламент Мәжілісінің спикері болған мемлекет қайраткері Орал Мұхамеджановты, ғылым докторы, білімдар Ораз Байғонысұлын, Құралай десе – Құралай қызын  өмірге әкелген Бикен де, оларға тәрбие берген Байғоныс та тектіліктің бір үлгісі екенін тәптіштей бермей-ақ қояйық. Анасы мүмкін Жәннат есігін ашқанда шырылдап жерге түскен нәрестені Байғоныстың ағасы Шайынғазы тонының белін буады да, қойнына салып, ат шанамен борандатып алып кетеді. Өздері тұратын Қайғыға жеткенше қанша жол, жолай бір үйге тоқтап жылынып алады. Шайынғазының кемпірі Қампара жаялығын құрғату үшін баланы ораған шүберекті  шешкенде, тонның ішінде ауа жетпей, тұншығып қалған шарана көгеріп кеткен екен. Сол жерде Тәңірім нәрестені ханның ханымындай келінінен айырылған қайғысы мен балпанақтай ұлдың қуанышы айқарасып, өлім мен өмірдің шайқасын көріп келе жатқан Шайынғазы мен Қампараның көз жасына бола тастап кеткендей еді.

Сол уақытта Шайынғазы 52 жаста екен. Алланың оған бар қиғаны – жалғыз ұлы 27-ге келген. Сейфолла оның әрі кенжесі, әрі немересі іспетті өседі. Ауылда «Шаекеңнің баласы, шалдың баласы» деп, бетіне  жан түгел, жел қарсы келмейді. Өзінің ғана айтқанын істейтін, өзінің басынан құс ұшырмай, қаршадай кезінен кім болса да бетің бар, жүзің бар демей айтып тастайтын өжет, мінезді болып өседі. Құнан жетектеп қалған кезінде әкесі ақыл айтып, көбірек сөйлеп бара жатса: «Айта бермеші, ақыл өзімде де бар!» дейді екен туғалы жүген-құрық тимеген шолжың неменің екі көзі ұшқындап. Сонда ел арасында парасатымен, он жылда тоғыз колхозды көтерген іскерлігімен, Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынғанда, одан бас тартқан адал, зияттығымен танылған, жұртына аса беделді болған Шайынғазы әке: «Балам, ақыл ауыр зат емес, бір кезде керек болып қалар, бір бүйіріңе сақтай сал. Сені тым еркелетіп жібердім. Мен енді сол қателігімді түзеуім керек», – дейді екен ақырын ғана. «Боқтап сөйлеме, ол еркектің мықтылығы емес, ешкіммен ұрыспа,  қадірің кетеді, өтіріктен аулақ бол, ол иманға жатпайды» деген сияқты адамдық жолды бағыттап, ерке ұлдың құлағына құя  беріпті.

«Айналайын» өтіп кеткен Сейфолла мектепті бітірген соң Алматыдағы ҚазМУ-дің Журналистика факультетіне құжат тапсырып тұрып,  «бұған түсуге менің білімім жетпейді» деп, емтиханға қатыспай, қайтып келеді. Қостанайдағы кооператив техникумына түсіп тұрып, ұнамай, оны тағы тастап кетеді де, ауылға барып, «ұнаған» трактор руліне отырады. Ауыл мектебінде еңбекке баулу пәнінен сабақ береді, әскер қатарында болып қайтады. Бірақ сол жылдардың бәрінде еркетотай ұл қарап жүрмейді, бас алмай кітап оқиды. ҚазМУ-дің Журналистика факультетіне кейінгі жылдары сырттай түсіп, диплом алды. Ол қос мүшелге келгенінде алдынан кісі кесіп өтпеген  әкенің әр ісі, әр сөзі санасында жатталғанын сезді, қанша еркелесе де ешкімнің ала жібін аттаған жоқ, бойына әкенің тазалығы жұқты. Аталары  атақты «тоспа ақын» атанған айтыс ақыны Өтеулінің, жаздың тымық кешінде ән салғанда, даусы көрші ауылға жететін аңызы қалған Мұхамеджанның қаны Сейфолланың да бойында ойнайтын. Ол ауылда домбырамен ән шырқап, аудандық, облыстық көркемөнерпаздар байқауына талай қатысты, жүлделі болды. Мінезді ұлдың ішінде өлең де жайдың тасындай бұрқ-сарқ ететін. Қазір бірнеше өлең жинағы бар. Қазақ поэзиясының белгілі тұлғалары Тұманбай мен Фаризаның жылы лебіздерін де естіді.

«…Көксегенін көкейдің аңдап біліп,

Кер дөненін көңілдің таңдап мініп,

Жетем-ау деп соңынан түскенімде,

Талай арман жоғалды шаң қаптырып.

Күйкі өмірдің үзе алмай қыл шылбырын,

Өтіп жатыр өксумен қыршын күнім.

Өтіп жатыр уақыт құлқын қуған,

Кетіп жатыр айтылмай бір шындығым…» дейді Сейфолла ақын көңілдің кейбір сәттерін тап басқан бір өлеңінің үзігінде.

Жетпістің жалынан ұстаған Секең қазір үлкен әулеттің басы. Бауыры бүтін, немерелер өсіп келеді. Айтпақшы, интернетті кезіп отырғанда кейіпкеріміздің есімі туралы бір пайымға кезіктік. Сейфолла – көпшілік қазақтың есімі секілді араб тілінен енген сөз. Қазақша мағынасы «семсердей өткір перзент» дегенді білдіреді екен. Шайынғазы ақсақал ұлының атын қалай тауып қойған, ә, жарықтық! Біздің дегеніміз де нысанаға дөп тигендей ме, қалай?!

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,   

Ақпарат саласының үздігі

Жаңалықтармен бөлісу