Жұмысшы кәсіптер фестивалі Жітіқара қаласында өтеді

Жұмысшы кәсіптер фестивалі Жітіқара қаласында өтеді

2025 жыл – Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Осыған орай, Қостанай облысында жастарға арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы «AMANAT» партиясының облыстық филиалында өткен жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысында баяндалды.

Іргелі іс-шаралардың бірі – жұмыс істейтін жастар форумы. Ол Allur кәсіпорнында өтеді. Форумға өңірдегі түрлі салада еңбек етіп жүрген жас мамандар қатысады. Олар жұмысшы мамандықтарды дамыту, кәсіпорындар мен білім беру мекемелері арасындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылайды.

«Біз жастарды жан-жақты дамытуға басымдық береміз. Былтыр жастар мәселелері бойынша 4 отырыс өтіп, 18-ге жуық ұсыныс жасалды. Биыл жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, мақсатты гранттық бағдарламаларды әзірлеу, сондай-ақ IT дағдыларын дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асады,» – дейді Жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Манасбаев.

blank

Жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатында оқушылар мен студенттерге кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Әулиекөл ауданында – Ауыл шаруашылығы күніне арналған форум, Жітіқарада – «PROFEST» жұмысшы кәсіптер фестивалі, Лисаков қаласында – «JASTAR FEST-2025» жастар фестивалі өтеді.

blank

«Аманат» партиясы жанындағы Жастарды қолдау кеңесі төрт жылдан бері жастардың өзекті мәселелерін шешуге, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат таратуға және ұсыныстар әзірлеуге атсалысып келеді. Бүгінде кеңес құрамында 22 адам бар. Біз әзірлеген ұсыныстар мемлекеттік органдарға жолданып, олар жастарға арналған бағдарламалардың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді» – дейді «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.

blank

Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында телебағдарламалар циклі дайындалады. Онда өз еңбегімен жоғары нәтижеге жеткен жұмысшы мамандық иелері туралы репортаждар мен сұхбаттар ұсынылады. Бұл бастамалар жастардың жұмысшы кәсіптеріне деген қызығушылығын арттырып, олардың беделін көтеруге ықпал етеді.

Тимур Шагиров

ҚӨУ студенті