Облыс әкімдігінде өткен жиында облыс басшысы Құмар Ақсақалов осылай деді. Қазіргі таңда өңірімізде 2 жел электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта қуаттылығы 1 ГВт болатын тағы 5 жоба жүзеге асырылып, электр өндіру үлесі қазіргіден 10 есеге артпақ.
– Бұл инвестициялық жобаларды іске асыруға және тариф белгілеуді жақсартуға мүмкіндік береді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы елді электр энергиясымен толық қамтамасыз ету міндетін алға қойды. Біз бұл жұмысты белсенді түрде жүргізетін боламыз, – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ өңір басшысы инфрақұрылымды жақсарту, туризмнің дамуына қатысты мүмкіндіктердің көп екенін атап өтті. Әуе тасымалы арқылы қатынайтын жолаушылар санының артуына байланысты биыл Қостанайдағы А.Байтұрсынұлы әуежайы жаңғыртылып, кеңейтілмекші. Сонымен бірге рейс саны да көбейеді.
Агроөнеркәсіп кешенінің дамуы да айрықша маңызға ие. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, көрсеткіш 22,1 пайызға артты. Биыл елімізде ауыл шаруашылығын қаржыландыру былтырғымен салыстырғанда 2 есеге артып отыр. Бірінші кезекте топырақ құнарын сақтай отырып, минералдық тыңайтқышты тиісінше пайдалану керек. Биыл өңірімізге 337 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылады деп жоспарланса, оның 150 мың тоннасы көктемгі егіс басталғанға дейін жеткізілуі қажет. Мал шаруашылығына да баса мән берілмек. Өз өнімдерімізді ішкі нарыққа шығару аса маңызды. Осы тұрғыда биыл бидайды тереңдетіп өңдеу зауытының құрылысы басталады. Қазір аймағымыздың оңтүстік аудандарындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 1 пайыз жеңілдікпен несие беріліп жатқанын атап өту керек. Жылдың басында инвестжобалар жүзеге асыруға ниетті кәсіпкерлерден ұсынысын қарастырғанын айтады облыс әкімі. Өткен жылға қарағанда ұсыныстары да алуан түрлі, оларды қолдау қажет.
Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жалғасып келеді. Биыл 15 мың шам мен 4,3 мың баған орнатылатын болады. Осылайш,а 992 шақырым болатын мыңнан астам көше жарықтандырылмақ.
– Автокөлік жолдарына биыл 93,4 млрд (2023 жылы – 55 млрд) теңге қарастырылған. 1400 шақырым жол жөнделеді. Ауылдарға кіреберіс сексеннен астам жол мен 103 елді мекеннің 382 көшесі жаңартылады. Тұрғындар ұзақ уақыт күтіп қалған Сарыкөл ауылынан СҚО-ға, Ұзынкөл мен Троебрат, Бестөбеден Ақтөбе шекарасына дейінгі жолдар құрылысы осы жылы аяқталады, – деді Қ.Ақсақалов.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар Арқалықтан Ұлытауға дейінгі 125 шақырым жол құрылысы да биыл толық тәмамдалады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ