Былтыр облыста баспана құрылысы рекордтық көрсеткішке жетті

Былтыр облыста баспана құрылысы рекордтық көрсеткішке жетті

Былтыр облыста жарты миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – соңғы 30 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріліп, 19 мыңға жуық азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 315,3 млрд теңгені құрады. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов аймақ әкімдігінде өткен жиында баяндады. Бұл басқосу Мемлекет басшысының 28 қаңтардағы Үкімет отырысында айтылған тапсырмаларының орындалуына қатысты өткенін айта кету керек.

– Қолжетімді тұрғын үй сатып алу және салу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету басым бағыт болып қала береді. Облыста 18 млрд теңге сомасына 940 пәтер сатып алынды. Бұған дейін тұрғын үй салу облыс орталығында басымдыққа ие болып келді. Өткен жылдан бастап біз аймағымыздың барлық өңірлерін қамтуды жоспарлап отырмыз. Алда 500 мың шаршы метр немесе 4 мыңнан астам пәтер жоспары бар тұрғын үй құрылысы жалғасады», – деді Б.Таңжарықов.

Облыста құрылыс материалдарын өндіретін 87 кәсіпорын жұмыс істейді, бірақ олардың қуаты қажеттіліктерді өтеп отырған жоқ. Жылына 53 млн кірпіш және 170 мың текше темір-бетон өнімдері өндіріледі. Алайда жаңа өндірістерді дамыту қажет, мысалы, пластикалық құбырлар, бекіту арматурасы, металл плиткалар мен оқшаулау материалдары. Құрылыс саласын дамыту мәселесі Үкімет деңгейінде пысықталуда және өткен жылдың желтоқсанында Премьер-Министр жоспарланған құрылыс материалдарын өндіру зауыттарын іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырған еді.Өңір басшысы баспанамен қамту мәселесіне айрықша тоқталды. Әсіресе, нысандарды салу кезінде жергілікті құрылыс материалдарын барыша қолдану қажеттігін атап өтті. Себебі құрылыс салу да, материалдарын өндіру көлемі де артты. Өткен жылы 52 млрд теңгенің құрылыс материалдары шығарылған. Алайда олардың бағасы өсіп кетпеуі керек әрі өндіруші зауыттар жыл бойы жұмыс істеп тұру қажет.

– Президент пайдалануға берілетін баспаналардың сапасына айрықша мән беруді қадап тапсырды. Өңірімізде жергілікті «Қостанай жастары» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 250-ге жуық жас отбасы пәтерлі болды. Алдағы уақытта бағдарламаның қарқынын арттыру үшін облыс басшылығы «СарыарқаАвтопром», «КамLIT», «КИА» компанияларымен олардың жұмысшыларын, әсіресе, жастарын баспанамен қамту мәселесі жөнінде меморандум жасасуға ниетті, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Мемлекет басшысы ТКШ-ны жаңғыртуға басымдық беріп отыр. Былтыр 72,8 шақырым коммуналдық желілерді жаңартуға 24,9 млрд теңге бағытталды. Осы жылы 39 жобаға 6 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ 55 млрд теңгеге 76 жобаны ұсыну жоспарлануда. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінген кезде жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 45,4%-ға дейін, сумен жабдықтау желілерінің тозуы 34,6%-ға дейін, су бұру желілерінің тозуы 54%-ға дейін төмендейді. Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай халықтың сапалы ауыз суға 100 пайыз қол жеткізуін қамтамасыз ету міндетін қойды.

– Былтыр ТКШ саласында желілердің тозуын азайттық. Алайда осы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз. Биыл ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту толығымен аяқталады. Осы тұрғыда 40 жобаға 7,7 млрд теңге қарастырылған. Қосымша 23 жобаға 13 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Үкіметпен келісілген, қаражат бөлінеді. Соған дайын болуымыз керек. Алайда елді мекендерді тіршілік нәрімен қамтып қана қоймай, суды үйге дейін кіргізу керек. Бұл аса маңызды. Соңғы екі жылда үйге дейін су құбырын кіргізу 60-тан 69-ға дейін артты. Осы жұмысты жалғастыра беру қажет, – деді облыс әкімі.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу