Облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталады

Облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталады

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина мәлімет берді.

Бүгінгі таңда өңірдің бюджеті 619,1 млрд теңге болса, оның 52 пайызы әлеуметтік салаға тиесілі. Келесі үш жылдық кезеңге арналған бюджетті әзірлеу бағытында елеулі жұмыс жүргізілетін болады. Оның барысында жаңа тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты салық-бюджет жүйесін жақсартуға және экономикалық өсуді ынталандыруға бағытталған жаңа Салық және бюджет кодекстері әзірленіп жатыр.

– Мемлекет басшысы өз сөзінде өнеркәсіпті, оның ішінде өнімнің жаңа түрлерін шығару есебінен дамытуға ерекше назар аударып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, облыста 2,9 трлн өнім өндірілді. Өндіріс көлемін ұлғайтудан бөлек, бізде тауарлардың жаңа номенклатурасының пайда болуына байланысты өндірілетін өнім желісі кеңейді. Мұның бәрі өңірге сапалы инвестиция тартудың арқасында жүзеге асырылып жатыр. Ол үшін бізде айтарлықтай экономикалық және өнеркәсіптік әлеует бар. Инвестициялық ахуалдың қолайлылығына біздің өңірдегі шетелдік және отандық инвесторлардың табысты жұмысы дәлел, – деді Г.Мұсағазина.

2024 жылы экономикаға тартылған 637 млрд теңгенің 75%-дан астамы – жеке инвестициялар. 9 айдың қорытындысы бойынша, тікелей шетелдік инвестициялар ағыны – 367,3 млн доллар немесе алдыңғы жылдың деңгейімен салыстырғанда 125,5%. 126 млрд теңгенің 7 негізгі индустриялық жобасы іске қосылды, 1,4 мың жұмыс орны құрылды. Биыл 283,4 млрд теңгеге 7 жобаны іске қосу және «озық технологиялар және сыртқы нарықтарға бағдарлану» талаптарына сәйкес келетін 3,4 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – құны 90 млрд теңгелік, 1500 жаңа жұмыс орны құрылғалы отырған KIA автомобиль өндіру зауыты. Автокомпоненттер өндіру жөніндегі Локализациялық орталық салу жөніндегі жоба іске асырылатын болады. Оның өнімдері қазақстандық автозауыттардың конвейерлеріне жеткізілмек. Ал металлургия кластерін дамыту мақсатында жетекші көпір арқалығын шығаратын зауыт іске қосылады және арқалықтардың өндірісін оқшаулау жөніндегі жоба іске асырылады.
Биыл ыстық брекеттелген темір зауыты ашылып, мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін тартылатын магистралды газ құбыры елді мекендерді көгілдір отынмен қамтып қана қоймай, инвестициялық жобалардың артуына септігін тигізбек.

– Облысымыз инвесторлардың жоғары сеніміне ие. Оған агроөнеркәсіп саласында іске асырылып жатқан ірі жобалар дәлел. Былтыр өңірімізде инвестиция тарту жағынан 11,7 пайыз өсім бар. Биыл мемлекеттің қолдауымен оның көлемін әлі де арттыру мүмкіндігі тұр. Өңіріміз инвесторларға жер телімі мен коммуналдық инфрақұрылым тартып беру жағынан көмек беруге әзір. Оның нәтижесі – көптеген жұмыс орнының құрылуына жол ашады. Алайда Аманкелді, Жанкелдин, Жітіқара, Қамысты, Қарасу, Науырзым, Сарыкөл аудандарында инвестжобалар жеткілікті деңгейде жүзеге асырылып отырған жоқ. Жағдайды реттеу керек, – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру салалары да назардан тыс қалмайды. Соңғы екі жылда 40 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсетуге қауқарлы 25 медициналық мекеме ашылды. Мәселен, биыл Арқалық перзентханасына жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталады. Сондай-ақ Арқалық пен Жітіқарадағы ауруханаларды жаңғырту жоспарланып отыр. Өткен жылы 4 мектеп, 7 балабақша пайдалануға берілсе, биыл тағы 7 мектеп және 5 бөбекжай ашылмақ.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу