Кеншілер кентінде қоқысты қайта өңдейтін кешен іске қосылды

Кеншілер кентінде қоқысты қайта өңдейтін кешен іске қосылды

Рудный қаласында экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды қадам жасалды. Қаланың қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында жаңа қоқыс сұрыптау кешені ашылып, оның жұмысы ресми түрде басталды.

Жаңа кешен жылына 50 мың тоннаға дейін қалдықты сұрыптауға қаухарлы. Жобаны «Рудный Абат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Кәсіпорын бұл құрылғыларды сатып алуға 300 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Кешеннің ашылу салтанатына Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко, сондай-ақ облыстық экология департаментінің өкілдері қатысты.

«Жаңа кешеннің іске қосылуы нәтижесінде қала аумағынан жиналатын қоқыстың шамамен 25 пайызы қайта өңдеуге жіберіледі. Осылайша қайта өнделетін заттардан қосымша өнім алуға болады. Бұл – қатты тұрмыстық қалдықтарды жер астына көму көлемін азайтып қана қоймай, өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне оң әсер ететін маңызды шара, – деді қала әкімі Виктор Ионенко.

blankҚазіргі таңда сұрыптау алаңында шыны, металл, пластик, бетон сияқты түрлі қалдықтарды бөлу жұмыстары жүргізіледі. Яғни жолақ арқылы қоқыстар жүріп отырады. Ары қарай адамдар қоқыс келген сайын қолмен сұрыптайды. Ал бетондарды үгітетін бөлек уатқыш құрылғы бар. Сол арқылы арматурасынан ашыратып, тасын үгітеді. Үгітілген тас жол салғанда астына төсеп жіберуге жарап жатыр.blank

«Бастапқыда экологиялық кодекс тұрғысынан көптеген сын-ескертпелер болды. Біз соңғы екі жылда осы проблемаларды шешумен айналыстық. Бүгінгі таңда полигон барлық экологиялық нормаларға сәйкес тұрақты жұмыс істеп тұр. Одан кейін біз жобаны қолға алдық. Қаржы алуға, барлық мақұлдаулардан өтуге, келісудің барлық кезеңдерінен өтуге бізде бір жылға жуық уақыт кетті. Бірақ өз дегенімізге қол жеткізіп, кешенді ресми түрде іске қостық», – дейді «Рудный Абат» ЖШС директоры Ринат Ишбулатов.

blankҚазіргі таңда сыртының аркалары орнатылып жатыр. Полигон алдағы уақытта толық жабық болады. Сұрыптау кешенінің қуаттылығы жылына 50 мың тонна, ал қаланың қажеттілігі 40 мың тонна. Демек, кешен толық көлемде бір қаланың қажеттілігін өтей алады деген сөз.blankblankblank

«Сұрыптау кешені бірінші кезекте қоқыс тікелей түсірілетін қабылдау орнынан тұрады. Одан кейін ол конвейермен көтеріледі, бұл бізде алғашқы станция. Онда қызметкерлер ауыр заттарды, мысалы, контейнерге түскен кірпішті немесе үлкен полиэтилен, картондарды келесі механизмдерді бітеп тастамас үшін алып тастайды. Одан кейін, құрғақ фракция тікелей сұрыптауға кетеді. Онда бізде 10 пост бар. Онда тұрған адамдар кім не іріктейтіні туралы біледі. Яғни, кім пластик, кім картон, кім алюминий және тағы басқа. Соңында кішкентай магнитті сепаратор тұр, егер кенеттен бірдеңе ұсталмай қалса, ол металды тартып алады. Одан кейін, өңделгеннен соң елеуішке түседі. Елеуіш – бұл пышақтары, кішкентай тесіктері бар үлкен сепаратор», – дейді серіктестік басшысы.

blankblankКешен өзінің жұмысын енді бастап жатқандықтан айталық, 100 пайыз қоқыстың тек 25% ғана өңдейді, қалған 75 пайызы көміледі. Оның өзі жаман емес. Қазақстанның үш қаласында дәл осындай қоқыс өңдейтін кешен бар. Олардың өзінде қоқыстың 17-23 пайызы ғана өңделеді.

«Орташа есеппен 20% дегеннің өзі жаман емес. Бастапқы кезеңге жарап жатыр. Енді біздің алдымызда тұрған міндет мұнда сұраптауға көп уақыт жоғалтпас үшін, қоқыс жинауды бөлуіміз керек. Яғни, шыны, металл, пластик, қағаздарды бөліп салатын контейнерлер орнату ойда болған. Тіпті биылға жоспарлағанбыз, бірақ бюджетке байланысты кейінге қалып отыр. Екінші жағынан тұрғындардың да бұл тұрғыдан мәдениеті қажет. Әр қоқыс жәшігіне араластырмай, ұқыпты тастап отырулары шарт», – деді қала әкімі Виктор Ионенко.

blankСеріктестік басшысы ең қарапайым сұрыптау әдісін енгізуді көздейді. Яғни, құрғақ қалдықты бөлек, тамақ өнімдерін бөлек. Егер мұны енгізер болса, жұмыс процесі айтарлықтай жеңілдейді. Тиісінше сұрыптау сапасы да артқан болар еді.

«Бүгінгі таңда 25-тен 30 адамға дейін жұмыс орнын құру жоспарлануда. Яғни, толықтай автоматтандырылған емес, міндетті түрде адамдар қажет. Себебі, тәжірибені зерттедік. Толық автоматтандырылған құн миллиардтарға жетеді. Оны үстіне бұл жүйе өзін ақтамайды. Себебі, қандай да бір қағаз дұрыс түспесе, бүкіл жүйе тоқтап қалады. Сондықтан ең қарапйым жұмыс механизмін таңдап отырмыз. Алайда, кадр тапшылығы бар. Бүгінгі таңда ауылдардан адамдарды тарту бойынша жұмыс жүргізудеміз. Қалалықтар мұнда істегісі келмейді. Оларды тасымалдайтын көлік шығрамыз. Жұмыскерді ынталандыру үшін жалақымен қоса қосымша көтерме ақы төлеуді де қарастырып отырмын», – дейді Ринат Ишбулатов.

blankКешенде бетон ұсақтағыш және қоқыс сұрыптағыш екі құрылғы бар. Тағы бір доңғалақтарды ұсақтайтын цех Церцев ауылында бой көтереді. Қазіргі күні цехтың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылғы қазан-қараша айында жеткізілуі керек. Онда доңғалақтар шикізатқа, резеңкеге айналады. Одан кейін келесі цехта жабын материалдарына, яғни қандай да бір резеңке плиталарды шығармақ. Қала әкімі Қытайда жұмыс сапарымен болғанда, балабақшалардың ойын алаңдары резеңке плиткалардан жасалғанын көрген. Яғни, асфальт тас емес, құм да жоқ, тек резекңе. Ол, бір жағынан, жұмсақ әрі қауіпсіз.blank

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Жанель ҚҰТТЫБАЙ